78 млн долларлық келісім: Түркістанда қандай зауыттар салынады?
Түркістан облысы Өзбекстанмен жалпы құны 78 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық меморандумдарға қол қойды.

Жаңа келісімдер аясында металл өңдеу, күнбағыс майын өндіру, жүгеріні терең өңдеу, ет экспортын дамыту және балық шаруашылығы бағытындағы өндірістер іске қосылады. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтпек.

Ақтау қаласында Қазақстан мен Өзбекстан Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысы және «Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы бизнес-диалог өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, екі елдің мемлекеттік органдары, өңірлері мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Бизнес-форум қорытындысында Түркістан облысы әкімдігі мен өзбекстандық серіктестер арасында жалпы құны 78 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық меморандумдарға қол қойылды. Келісімдер жаңа өндірістерді іске қосуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған.
Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыс соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.
– Мемлекет басшылары 2030 жылға қарай екі ел арасындағы тауар айналымын 10 млрд АҚШ долларына жеткізу міндетін қойды. Соңғы екі жылда өзара сауда тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысында тауар айналымы 5 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 116 пайызға өсті. Оның ішінде экспорт көлемі 3,5 млрд АҚШ долларын құрады, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, бұл көрсеткішке Түркістан облысы да елеулі үлес қосып отыр. Өткен жылдың қорытындысында облыс пен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 511 млн АҚШ долларынан асып, 109 пайыздық өсім көрсетті.

Облыс әкімінің мәліметінше, қазір «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында жалпы құны 234 млн АҚШ долларын құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар жаңа өндірістер ашып, жүздеген жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Түркістан облысында өзбек капиталының қатысуымен жалпы құны 73 млн АҚШ долларын құрайтын тамшылатып суару жүйелерін өндіру, ет кластерін дамыту, балық шаруашылығын кеңейту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және металл өңдеу бағытындағы жобалар іске асырылуда.
Нұралхан Көшеров өңір экономикасы шикізат экспортынан дайын өнім өндіруге кезең-кезеңімен көшіп жатқанын атап өтті.
– Үкіметтің қолдауымен мақта-тоқыма, ет және жүгері кластерлері қалыптасып келеді. Бұл жобалар өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, жаңа өндірістердің дамуына негіз болады. Инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда қажетті инженерлік инфрақұрылым дайындалған. Мемлекеттік қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Осы жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы облыс экономикасына 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның жартысы – шетелдік инвестиция, – деді өңір басшысы.
Форум аясында қол қойылған меморандумдардың ең ірісі – 47 млн АҚШ долларына металл өңдеу зауытын салу жобасы. Кәсіпорында профлист, металл құбырлары, сэндвич-панельдер және жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар өндіріледі.
Бұдан бөлек:
- 2 млн АҚШ долларына күнбағыс майын өндіретін зауыт салынады;
- 5 млн АҚШ долларына жүгеріні терең өңдеп, экспортқа шығару жобасы іске асады;
- 12 млн АҚШ долларына ет өңдеу кешенінің өнімдерін халықаралық нарыққа шығару көзделген;
- тағы 12 млн АҚШ долларына тұқы (карп) өсіретін заманауи балық шаруашылығы кешені құрылады.
Жиында ауыл шаруашылығын дамытудағы су үнемдеу технологияларының маңызы да айтылды. Бүгінде Түркістан облысында мұндай технологиялар 164 мың гектар алқапқа енгізілген. Оның ішінде 37 мың гектары биыл іске асырылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті тағы 13 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.
Ақтауда өткен бизнес-диалог Түркістан облысы үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашты. Жалпы құны 78 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа келісімдер өңірде өндірісті кеңейтуге, экспортты арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болады.



