Түркістаннан шыққан 40 спортшы Азия ойындарын дүр сілкіндірмек: Ел намысын кімдер қорғайды?!
Биыл 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтетін ХХ Жазғы Азия ойындарында Түркістан облысының 40 спортшысы спорттың 14 түрінен Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғайды.
Өңір спортшылары байдарка және каноэде есу, академиялық есу, жүзу, триатлон, бадминтон, әйелдер күресі, таеквондо, гандбол, баскетбол 3х3, волейбол, садақ ату, дзюдо және каратэ спорт түрлерінен лицензия жеңіп алған. Атап айтқанда:
-
Байдарка және каноэде есу: 5 спортшы
-
Академиялық есу: 6 спортшы
-
Гандбол: 10 спортшы
-
Бадминтон: 2 спортшы
-
Әйелдер күресі: 2 спортшы
-
Баскетбол 3х3: 2 спортшы
-
Әйелдер волейболы: 2 спортшы
-
Жүзу, триатлон, таеквондо, садақ ату, дзюдо және каратэ: әрқайсысынан 1 спортшыдан жарыс жолына шығады.
Түркістан облысының спортшылары арасында халықаралық додаларда тәжірибесі бар, ел намысын талай мәрте абыроймен қорғаған спортшылармен қатар, құрлықтық бәсекеде алғаш рет бақ сынайтын жас спортшылар да бар.
Өңірде бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға, спортшылардың шеберлігін арттыруға және халықаралық жарыстарға сапалы дайындалуына тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен спорт саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа спорт нысандарын салуға және қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға басымдық берілуде. Соңғы жылдары өңірде спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік беретін заманауи нысандардың қатары артып, спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуіне және кәсіби тұрғыда дайындалуына қажетті жағдай жасалды. Бұл жұмыстар Түркістан облысының спорттық әлеуетін арттырып, халықаралық аренада өңір атынан өнер көрсететін спортшылардың қатарын көбейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, Түркістан облысының спортшылары Пара Азия ойындарына да қатысады. Бұл додаға өңірден 5 спортшы спорттың үш түрінен лицензия алған. Олар пара дзюдо, пара жеңіл атлетика және пара жүзуден сынға түседі:
-
Пара дзюдо: Қалмырза Бексұлтан, Оңалбек Бағланбек, Сейілбекова Ақтолқын
-
Пара жеңіл атлетика: Айтмырзаев Мұқан
-
Пара жүзу: Рахманберді Сәулет



