Басты жаңалықтар
Төлебиде ауыз су тапшылығын азайту үшін 282 млн теңге бөлінді
Түркістан облысының Төлеби ауданында су нысандарының жағдайы зерделенді. Жұмыс тобы Ленгір қаласындағы су резервуарларын, Достық елді мекеніндегі ұңғымаларды және Қарабастау бұлағын аралады.

Сапарға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық мәслихат депутаттары және аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысты. Негізгі мақсат — су инфрақұрылымының жай-күйін бағалап, тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесін қарастыру.
Ленгір қаласында 37 мыңнан астам тұрғын тұрады. Қалада тәулігіне шамамен 12,2 мың текше метр су тұтынылады. Жаз айларында бұл көлем 18,9 мың текше метрге дейін артады.
Ал Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық елді мекенінде ауыз су тапшылығын азайту үшін жаңа ұңғымалар салынуда. Жобаның құны — 282 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын биыл қазан айында аяқтау жоспарланған.
Жұмыс тобы Қарабастау бұлағындағы жұмыстардың барысын да қарап, су көздерін пайдалану мәселесімен танысты.


