Басты жаңалықтар

Орта дәліз арқылы жүк көбейеді

Қазақстан мен Өзбекстан Орта дәліз арқылы жүк тасымалын арттыруға келісті.

Екі елдің премьер-министрлері Ақтау портында көлік-логистика саласындағы бірлескен жобаларды талқылады.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов Ақтау халықаралық теңіз сауда портында болып, Орта дәліздің мүмкіндіктерін кеңейту мәселесін талқылады.


Ақтау порты жылына 12 миллион тоннаға дейін жүк өңдеуге қауқарлы. Ал Ақтау мен Құрық порттарының жалпы өткізу мүмкіндігі 22 миллион тоннаға жетеді.

Соңғы үш жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Қазақстан порттарымен өтетін контейнерлік транзит 3,8 есеге артқан. Ал 2025 жылы Ақтау және Құрық порттары арқылы Өзбекстан жүктерін өңдеу көлемі 60 пайыздан астам өсті.


Қазір Ақтау портында контейнерлік хабтың алғашқы кезеңі іске қосылған. Екінші кезең аяқталғаннан кейін оның қуаты жылына 240 мың контейнерге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар теңіз тасымалын күшейту үшін алты жаңа контейнерлік кеме сатып алу жоспарланған.


Кездесу қорытындысында екі елдің үкімет басшылары «Қазақстан темір жолы» мен «Өзбекстан темір жолдары» компанияларына Орта дәліз арқылы тасымал көлемін ұлғайту жөніндегі нақты жоспар әзірлеуді тапсырды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button