Басты жаңалықтар

Арысқа кірер үш бағыт жасыл желекке оралады

Арыс қаласында Наурызнама онкүндігі аясында 23 наурыз – Тазару күніне орай жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.

Іс-шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев, қала ардагерлері, жастар, сондай-ақ түрлі мекеме ұжымдары белсенді қатысып, қаланың көркеюіне өз үлестерін қосты, деп хабарлайды turkistnlife.kz

Сенбілік алдымен «Қасірет» мемориалы аумағында басталды. Мұнда тазалық жұмыстары жүргізіліп, аумақ ретке келтірілді, сондай-ақ жас көшеттер отырғызылды. Қала тұрғындары мен еріктілер мемориал аймағын абаттандыру арқылы өткен тарихқа құрмет көрсетті.

Жұмыс бұдан әрі «Арыс – Шардара» айналма жолы бойында жалғасты. Бұл жолдың Арыс қаласына тиесілі бөлігі жасыл желекке оралуы жоспарланған. Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда жалпы жоспардың шамамен 80 пайызы орындалған. Сенбілік барысында жас көшеттер отырғызылып, жол бойы мен айналма аумақтың экологиялық ахуалы жақсарды.

Отырғызылған әрбір көшеттің күтімі мен өсіп-өнуі «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бақылауында болады. Бұл бастама нәтижесінде Арыс қаласына кіреберістегі үш бағыт толықтай жасыл желекке оралып, қала келбетіне ерекше сән бермек.

Сонымен қатар, қала аумағында белгіленген 17 секторда да кең ауқымды тазалық шаралары жүргізілді. Мекемелер, кәсіпорындар, ұжымдар мен қала әкімдігінің дербес бөлімдері өздеріне бекітілген аумақтарды қоқыстан тазалап, қоршаған ортаны абаттандыруға үлес қосты. Коммуналдық қызмет мекемелері жиналған қоқыстарды дер кезінде тасымалдап, тиісті орындарға жеткізді.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев сенбілікке қатысушыларға алғысын білдіріп, бұл бастаманың қала тұрғындарының бірлігі мен жауапкершілігін көрсететін игі үлгі екенін атап өтті.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button