Басты жаңалықтар
ЖІГЕР МЕН ЖАЛЫН ЖАРЫСЫ: ТҮРКІСТАНДА ARM-BACK-ТЕН ЕЛ БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ
Түркістанда ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында ARM-BACK спортынан Қазақстан чемпионаты басталды. Байрақты бәсекеге еліміздің 15 өңірінен 80-нен астам жас спортшы қатысып жатыр.

Жарысты «Жас жауынгер» бейімдеу спорт орталығы ұйымдастырды. Басты мақсат – балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, өз күшіне деген сенімін нығайту және шеберлігін шыңдау.
Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Қазақстан халқына» қорының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және ARM-BACK федерациясының президенті Дмитрий Инютин қатысты.
Айта кетейік, биыл қаңтар айынан бастап «Жас жауынгер» орталығы Түркістанда да жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда үш маман 30-дан астам баламен жаттығу жұмыстарын жүргізуде.
Өңірде инклюзивті спортты дамыту бағытында жаңа спорт орталығын салу үшін жер телімі бөлініп, құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.



