Нұрлан Әбдіров Түркістандағы 952 сайлау учаскесінің дайындығымен танысты
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, алдағы мәслихат депутаттары сайлауына дайындықты тексерді.

Сапар Отырар ауданынан басталып, Түркістан қаласында жалғасты. ОСК төрағасы №11 округтік және №520 учаскелік комиссиялардың жұмысымен танысты. Ал қаладағы №1 сайлау округі мен төрт учаскенің дайындығын ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман тексерді.
Қазір облыста 1 210 974 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру күні өңірде 952 учаске жұмыс істейді. Оның 26-сы жабық нысандарда орналасқан. Сайлауды ұйымдастыруға 1 282 комиссия мен 7 976 маман тартылады.
Ерекше қажеттіліктері бар 15 104 сайлаушының дауыс беруіне де жағдай жасалады. Оларға 65 инватакси, 105 әлеуметтік такси, 209 сурдоаудармашы және 770 жеке көмекші қызмет көрсетеді.
Тұрғындар облыс әкімдігінің сайтындағы «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» сервисі арқылы дауыс беретін орнын анықтай алады. Ал 557 учаскеде онлайн-сервистер қолжетімді болады.
Нұрлан Әбдіров сайлауды заң талаптарына сай, ашық өткізіп, әр азаматтың өз таңдауын жасауына мүмкіндік берудің маңызын атап өтті.



