Басты жаңалықтар

Нұралхан Көшеров әлем чемпиондарын қабылдап, екі спортшыға пәтер кілтін табыстады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров армрестлингтен әлем чемпионатында топ жарған спортшыларды қабылдап, жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен екі спортшыға пәтер кілттерін табыстады.

Кездесу барысында облыс басшысы халықаралық жарыста ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген чемпиондарды құттықтап, еңбектеріне алғыс білдірді.

Нұралхан Көшеров спортшылардың жетістігі өңір үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті. Оның айтуынша, әлемдік додадағы әрбір жеңістің артында спортшының табандылығы, қажырлы дайындығы және жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегі жатыр. Сондықтан чемпиондардың жетістігі өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

«Әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткендеріңіз үшін баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жеңістеріңіз – жас ұрпаққа үлгі және үлкен мақтаныш. «Шардара Армспорт» спорт клубына толағай табыс тілеймін. Қазақстанның абыройын асқақтатып, еліміздің көк байрағын биікте желбірете беріңіздер!» – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы Түркістан облысында бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын жеткізді. Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Кездесу соңында Нұралхан Көшеров спортшыларға мықты денсаулық, отбасыларына амандық және алдағы жарыстарда жаңа жеңістер тіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button