Түркістанда 40 миллион теңге тігілген шахмат бәсекесі

Түркістанға жеті елдің шахматшылары жиналды. Олар халықаралық чемпионатта өзара бақ сынап, үздік ойыншы атану үшін тақта басында күш сынасып жатыр.
Жарысқа Қазақстан, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстаннан 24 шахматшы қатысуда. Олардың арасында ерлер, әйелдер және сеньорлар (аға буын шахматшылар) бар. Чемпионат үш санат бойынша өтеді.

Жарыстың жүлдесі де қомақты. Ерлер арасындағы жеңімпаз 7 миллион теңге алса, әйелдер арасындағы үздік шахматшыға 4 миллион теңге беріледі. Ал ерлер мен әйелдер арасындағы турнирлердің жалпы жүлде қоры – 40 миллион теңге. Сеньорлар санатында үздік шыққандар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Чемпионаттың ашылуында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров сөз сөйлеп, жарыстың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай кездесулер түркі елдерінің арасындағы байланысты нығайтып, шахматтың дамуына жол ашады.
Қазір облыста 2 200-ден астам адам шахматпен тұрақты айналысады. Оларға 87 жаттықтырушы сабақ береді. Өңірдің жас шахматшылары Әсия Асылхан мен Айару Алтынбек те халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр.

Қазақстан атынан чемпионатқа алты шахматшы қатысуда. Әйелдер арасында Самарқанда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегерлері Елназ Қалиахмет пен Зарина Нұрғалиева өнер көрсетсе, ерлер арасында Денис Махнёв пен Сауат Нұрғалиев бақ сынайды. Сеньорлар санатында Павел Коцур мен Пётр Костенко ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, Түркі шахмат қауымдастығы 2025 жылы Астанада құрылған. Биыл ұйымға төрағалық ету Қазақстанға берілді. Қауымдастық түркі елдерінің шахматшыларын жақындастырып, ортақ жарыстар ұйымдастыруды, жас спортшыларға қолдау көрсетуді және тәжірибе алмасуды мақсат етеді.



