Түркістан жаңа халықаралық серіктес тапты
Самарқандта өткен халықаралық форум Түркістан үшін маңызды келісіммен аяқталды.

Енді Түркістан мен Өзбекстанның Риштан қаласы ресми түрде бауырлас қала атанды. Бұл келісім екі қалаға қандай мүмкіндік береді?
Өзбекстанның Самарқанд қаласында алғаш рет «Бауырлас қалалардың халықаралық форумы» өтті. Іс-шараға 20-ға жуық мемлекеттен 300-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында Қазақстан, Қырғызстан, АҚШ, Әзербайжан, Сербия, Жапония, Қытай, Ресей, Түркия және басқа да елдердің қала әкімдері, муниципалитет басшылары, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, бизнес өкілдері мен сарапшылар болды.

Форумға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол және кәсіпкерлік пен туризм бөлімінің басшысы Өмірзақ Адхам қатысты.
Форумның басты нәтижесі – Түркістан қаласы мен Өзбекстанның Риштан қаласы арасында бауырластық және серіктестік туралы меморандумға қол қойылуы болды.
Құжат сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, инвестиция тартуға, туризмді дамытуға, білім, ғылым, мәдениет, спорт және жастар саясаты салаларында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті.

Форум аясында делегациялар «Мәңгілік қала» туристік кешенінде өткен Достық ағашын отырғызу рәсіміне қатысты. Бұл шара бауырлас қалалар арасындағы өзара құрмет пен ұзақ мерзімді әріптестіктің белгісі ретінде ұйымдастырылды.
Сондай-ақ B2B және B2G форматындағы кездесулер өтіп, кәсіпкерлер, инвесторлар және мемлекеттік органдардың өкілдері инвестициялық жобаларды іске асыру, іскерлік байланысты кеңейту және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы әрі Қазақстандағы ірі тарихи-туристік қалалардың бірі. Ал Риштан – дәстүрлі керамика өнерімен әлемге танылған Өзбекстанның көне шаһары. Сондықтан екі қаланың серіктестігі туризмді, қолөнерді, кәсіпкерлікті дамытуға және мәдени байланысты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Самарқандтағы халықаралық форум барысында жасалған келісімдер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтіп, екі бауырлас қаланың ортақ жобаларды жүзеге асыруына жол ашады.



