
Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Qaz Natural Laminat» ЖШС-нің заманауи ламинат өндіретін су жаңа зауыты ресми түрде іске қосылды.

Бұл жоба өңірдегі импортты алмастыру және отандық өнім сапасын арттыру бағытындағы ең ірі қадамдардың бірі болып табылады. Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің импорттық тәуелділігін азайту бағытындағы ауқымды жоспарларымен бөлісіп, соңғы үш жылда өңірімізге 1,5 триллион теңгенің импорттық тауары жеткізілгенін атап өтті. Оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 880 миллиард теңгенің өнімі сырттан әкелінген. Жүргізілген талдау нәтижесінде өңір басшылығы 73 миллиард теңгенің тауарын өзімізде өндіруге мүмкіндік бар екенін анықтаған. Қазіргі таңда облыста жалпы құны 280 миллиард теңге болатын тағы 39 импортты алмастыру жобасы жүзеге асырылып жатса, бүгінгі іске қосылған ламинат зауыты — осы жүйелі жұмыстың алғашқы жемісі.

Құны 5 миллиард теңгені құрайтын бұл кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 840 мың шаршы метр ламинат шығаруға қауқарлы. Жобаның алғашқы кезеңінде 65 тұрақты жұмыс орны ашылса, екінші кезеңі толық іске қосылғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылатындар саны 150 адамға дейін артады. Жаңа өндіріс орны еліміздің құрылыс материалдары нарығын отандық өніммен қамтамасыз етуге, импорт үлесін азайтуға және ішкі сұранысты өтеуге зор мүмкіндік береді. Өз кезегінде «Qaz Natural Laminat» ЖШС директоры Луо Ионг жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен мемлекетке алғысын білдіріп, кәсіпорында халықаралық стандарттарға сай заманауи технологиялар қолданылатынын жеткізді.

Алдағы уақытта кәсіпорын өнімдерін Орталық Азия елдері мен басқа да сыртқы нарықтарға экспорттау жоспарланып отыр.



