Дербісектегі су дауы
27 жыл бойы жекеменшікте болған ұңғыма мемлекетке қайтарыла ма?

Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылындағы ауыз су мәселесі әлі де өзекті. Көп жылдан бері түйіні шешілмей келген «ТП-32» ұңғымасына қатысты жағдайды аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы брифингте түсіндіріп берді.
Мәселенің мән-жайы мынада: аталған су нысанын «Рауан» ЖШС 27 жыл бойы пайдаланып келген. Алайда биыл 25 сәуірде жалдау мерзімі аяқталып, су пайдалану құқығын ұзартуға рұқсат берілмеді. Бұған «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының санитарлық аймақ талаптары сақталмаған деген қорытындысы себеп болған.
Қазіргі таңда Дербісек ауылындағы 18 мыңға жуық халық ауыз судан тарығып отырған жоқ. 3 мыңнан астам абонент орталықтандырылған жүйеге қосылған және су беру жұмыстарын «Сарыағаш Тұрмыс» мекемесі штаттық режимде жүргізіп жатыр. Қосымша ресурс ретінде тағы бір ұңғыма іске қосылған.
Дегенмен, «Рауан» серіктестігіне қатысты тексеру жұмыстары бірнеше заң бұзушылықты әшкереледі. Су нысанының санитарлық қорғау аймағына қатысты тиісті құжаттардың жоқтығы анықталып, кәсіпорынға айыппұл салынған. Суды пайдалану лимитінен асып кету және арнайы есепке алу құрылғыларын орнатпау деректері бойынша мекемеге 973 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл жүктелген. Жер ресурстарын басқару департаменті 0,15 гектар жер телімін жалға беру туралы шешімді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз жолдады.

Жергілікті тұрғындар ұңғыманы мемлекет меншігіне толық қайтаруды талап етуде. Аудан басшылығы мен облыс әкімдігі бұл мәселенің тек заң аясында және сот шешіміне сәйкес шешілетінін мәлімдеді. Егер ұңғыма мемлекетке қайтарылса, тұрғындардың суға қолжетімділігі тұрақты сақталып, жеке кәсіпкерге де қажетті су көлемі белгіленген тәртіппен берілетін болады.
Мәселе сот қарауында. Билік тарапы ешқандай тараптың құқығы бұзылмайтынына кепілдік беріп отыр.



