Басты жаңалықтар

Азия төрінде жүлде алған түркістандық спортшылар елге оралды

Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында жүлде алған түркістандық спортшылар туған жеріне оралды. Оларды Түркістан халықаралық әуежайынан жақындары мен жанкүйерлері қарсы алды.

19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медальмен жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады. Ұлттық құрама сапында Түркістан облысының 35 спортшысы спорттың 14 түрінен сынға түсті.

Өңір спортшылары ел қоржынына 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль қосты. Бүгін сол жүлдегерлердің бір тобы елге оралды.

Азия ойындарында дзюдодан командалық сайыста Айдар Арапов күміс медаль иеленді. Ал Едіге Қасымбек еркін күрестен, Нилуфар Раимова әйелдер күресінен қола жүлдеге қол жеткізді.

Қарсы алу рәсімінде Ертай Алтаев спортшыларды нәтижесімен құттықтап, олардың жетістігі өңірдегі спорттың дамуына серпін беретінін атап өтті.

«Өңірімізден 30-дан астам спортшы бақ сынап, 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Сіздер құрлықтың үздік спортшыларымен бәсекеге түсіп, жоғары шеберлік таныттыңыздар», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, Түркістан облысының спортшылары 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған еді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button