Түркістанда халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді

Түркістанда қыркүйек айының соңында халықаралық деңгейдегі екі ірі мәдени шара өтеді. 26–28 қыркүйек күндері қалада Turkistan Brand Craft Fair 2026 халықаралық қолөнершілер және экологиялық өнімдер жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мәлімдеді.
Жәрмеңкеге Қазақстанның барлық өңірлерінен және шетелден 200-ге жуық шебер келеді деп жоспарланып отыр. Олар керамика, ағаш, былғары, металл, киіз және тоқыма бұйымдарын, ұлттық және дизайнерлік киімдерді, зергерлік бұйымдар мен авторлық кәдесыйларды ұсынады. Сондай-ақ табиғи және экологиялық өнімдер де көпшілік назарына ұсынылады.

Жәрмеңкенің мақсаты – қолөнер мен кәсіпкерлікті дамыту, креативті индустрияны қолдау және шетелдік серіктестермен байланысты нығайту.
Қолөнершілер жәрмеңкесімен қатар 25–27 қыркүйек күндері «Керуен сарай» туристік кешенінде VII халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді.

Биыл фестивальге 20 елден өнерпаз қатысады. Олардың қатарында Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Марокко, Куба, Гвинея, Қарачай Республикасы, Башқұртстан және Бразилия бар.
Фестивальдің басты ерекшелігі – шетелдік өнерпаздардың қазақ әндерін орындауы.
25 қыркүйекте «Zhibek zholy әуендері» гала-концерті өтеді. Ал 26 қыркүйекте фестивальдің ресми ашылуы өтіп, «Жұлдызды жұп» бағдарламасы ұсынылады. Бұл күні шетелдік қатысушылар қазақстандық танымал өнер шеберлерімен бірге қазақ әндері мен заманауи хиттерді орындайды.
27 қыркүйекте «Қазақ әні» бағдарламасы өтеді. Қатысушылар халық әндерін және қазақ композиторларының шығармаларын орындайды.

Сонымен қатар 26 қыркүйекте жәрмеңке аясында Business Tourism Trend Forum өтеді. Форумда өндірушілер, туроператорлар, кәсіпкерлер, сатып алушылар, дистрибьюторлар және әлеуетті серіктестер бас қосады.
Биылғы жәрмеңкенің тағы бір ерекшелігі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, республикалық «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистерін Түркістанға шақыру. Бұл ауылдық жерлердегі шағын өндірушілерге өз өнімдерін кең аудиторияға таныстырып, туристермен және бизнес өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.



