8 жылда – 185 мектеп

Түркістан облысында соңғы жылдары білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Нәтижесінде соңғы сегіз жылда өңірде 185 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапалы әрі қолжетімді білім беру саясаты аясында жүзеге асуда. Облыстағы білім беру нысандарын жаңғырту және жаңа мектептер салу жұмыстары өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің бақылауында кезең-кезеңімен атқарылып келеді.

2018 жылдан бері пайдалануға берілген мектептер саны жыл сайын артып отыр. Атап айтқанда, осы кезеңде өңірде 185 мектептің құрылысы аяқталып, оқушылар игілігіне тапсырылған. Биылдың өзінде екі жаңа мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы алты мектеп пен бір жатақхананы іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар жаңа буынды дамыту орталығының төрт нысаны салынып жатыр.

Жаңа білім ошақтарының ашылуы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге оң әсерін тигізуде. Сондай-ақ оқушылардың заманауи әрі қауіпсіз жағдайда білім алуына мүмкіндік жасап отыр.
Бүгінде Түркістан облысында 1106 мектеп жұмыс істейді. Мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында 2025-2027 жылдары 115 білім беру нысанын жаңғырту көзделген. Өткен жылы 41 мектеп қамтылып, оның 26-сында жұмыстар толық аяқталды. Биыл тағы 38 мектепті жаңарту жоспарланған.
Жаңа оқу жылына дайындық шеңберінде 125 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 110 білім беру нысаны кезең-кезеңімен қатты отыннан табиғи газға көшірілуде.

Өңірде жаңа мектептер салу қарқыны да бәсеңдеген жоқ. Өткен жылы 33 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 29-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді.
Жалпы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы оқушыларға қолайлы орта қалыптастыруға, білім сапасын арттыруға және өңірдегі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған.



