Мақтадан дайын өнімге дейін: Түркістанда 146 млрд теңгелік жоба жүзеге асуда
Түркістан облысында мақта өндірісін дамытуға бағытталған 146 млрд теңгелік жоба жүзеге асуда. Кешен аясында 11 кәсіпорын салу жоспарланған. Қазір оның сегізі іске қосылып, 1 200 адам жұмыспен қамтылған.

Бұл жобамен Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірге жұмыс сапары барысында танысты. Сапар Шардара ауданындағы шағын өнеркәсіптік парктен басталды. Бір гектар аумақта орналасқан өндірістік алаңда алты ғимарат пайдалануға берілген, тағы бесеуінің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда жиһаз, модульдік үйлер, термопанельдер, терезе жақтаулары мен құрылыс материалдары өндіріледі.
Одан кейін вице-премьер «TURAN» арнайы экономикалық аймағының жұмысын көрді. 290 гектар аумақта 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазір алты кәсіпорын іске қосылып, 665 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қалған жобалар толық іске асқанда 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген.
Сапардың негізгі нысандарының бірі – құны 146 млрд теңге болатын Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені. Қытайдың Xinjiang Lihua Cotton Co. Ltd компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жоба мақтаны өсіруден бастап, оны өңдеу және дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі өндірістік кезеңдерді қамтиды.
Кешенде жоспарланған 11 кәсіпорынның сегізі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында төрт мақта өңдеу зауыты, иіру фабрикасы, мақта тұқымын қайта өңдеу зауыты, ПВХ құбырлары мен тамшылатып суару таспасын шығаратын кәсіпорын бар.
Өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету үшін су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, 52 мың гектар жерге мақта егілген. Өнімділік гектарына 56 центнерге жеткен. Алдағы уақытта кешен құрамында тоқыма емес материалдар шығаратын зауыт, бояу және тігін фабрикаларын салу жоспарланып отыр.
Жұмыс сапарының соңында Серік Жұманғарин өңір фермерлерімен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары мен саладағы өзекті мәселелерді талқылады.



