517 млрд теңге қазынаға
Түркістан облысында жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 517,5 миллиард теңге салық түсті.

Алты айдың қорытындысында жоспар 101,7 пайызға орындалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қазына кірісі 56,8 миллиард теңгеге көбейді.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, салық және кедендік бақылауды жетілдірудің нәтижесінде бюджетке қосымша 6 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Оның басым бөлігі кедендік рәсімдер мен қосылған құн салығын бақылау, камералдық тексерулер және өндірістік емес төлемдерді тиімді басқару арқылы қамтамасыз етілген.

Заңсыз әрекеттердің жолын кесу бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Биыл кедендік бақылау кезінде есірткі тасымалдаудың 27, мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 77 және шетел валютасын заңсыз алып өтудің 3 дерегі анықталды. Сонымен қатар рейдтер барысында 667 салық заңнамасын бұзу фактісі тіркелген.
Өңірде мемлекеттік қызмет көрсету ісі де цифрлық форматқа көшіп келеді. Алты айда тұрғындарға 900 мыңнан астам қызмет көрсетілсе, оның 99 пайызы электронды түрде рәсімделген.

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында өткізілген «Халық бухгалтері» акциясы аясында 56 кездесу ұйымдастырылып, 5 мыңға жуық салық төлеушіге тегін кеңес берілген. Бұдан бөлек, салық және кеден саласындағы өзгерістерді түсіндіруге арналған 10 мыңнан астам ақпараттық іс-шара өткізіліп, 1414 байланыс орталығы арқылы 20 мыңнан астам азаматтың сауалына жауап берілген.



