1885 қылмыс әшкереленді
Қазақстанда жыл басынан бері есірткі бизнесіне қарсы күрес күшейіп, алты айдың ішінде 1885 есірткі қылмысы анықталды.

Құқық қорғау органдары бір трансұлттық қылмыстық топты қоса алғанда, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеді.
Операциялар барысында қылмыстық топтардың 9 ұйымдастырушысы мен 29 белсенді мүшесі ұсталды. Сонымен қатар интернет арқылы есірткі таратудың жолын кесу мақсатында 15 мыңнан астам заңсыз сайт пен интернет-ресурс бұғаттауға жіберілді.
Қаржы арналары да жіті бақылауға алынған. Ұлттық банкпен бірлескен жұмыс нәтижесінде 135 миллион теңгеден астам күмәнді қаржы аударымы тоқтатылып, 177 мың шетелдік төлем картасы бұғатталды. Ал есірткі саудасынан түскен қаржыны заңдастыру деректерін анықтау үшін 26 мың криптокәмиян Қаржылық мониторинг агенттігіне тексеруге жолданған.
Полицейлер алты айда 580 келі синтетикалық есірткіні тәркілеп, 15 жасырын зертхананыжойды. Алаңдатарлығы – олардың шамамен 70 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Сондай-ақ 12 тоннадан астам прекурсор тәркіленіп, соның арқасында шамамен 1,5 тонна синтетикалық есірткінің заңсыз өндірілуіне жол берілмеді.
ІІМ мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар қазірдің өзінде нәтиже бере бастаған. Елдегі синтетикалық есірткінің бағасы қымбаттап, заңсыз айналымы қиындаған. Интернет-дүкендерге қол жеткізу шектеліп, есірткі тасымалына кедергілер көбейген. Соның салдарынан қылмыстық топтардың бір бөлігі өз әрекетін көршілес мемлекеттерге көшіруге мәжбүр болған.



