Тарихи мұраны насихаттау – басты міндет: «Түркістан Life» пен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы күш біріктіреді
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры Дәкенов Ерлан Ерғазыұлы кездесу барысында, қорық-мұражайдың тарихи-мәдени маңызын кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті

Бүгін «Түркістан Life» редакциясы мен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жиын барысында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры Ерлан Ерғазыұлы Дәкенов музей-қорықтың тарихи-мәдени маңызын кеңінен насихаттаудың өзектілігін атап өтіп, бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жұмыс істеудің маңызы жоғары екеніне тоқталды.

Ендігі жерде «Түркістан Life» редакциясы музей-қорық мамандарымен бірлесе отырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бай тарихын, оның сәулеттік маңызы мен мәдени құндылығын тереңірек зерделейді. Сонымен қатар, бұл бағытта сапалы да мазмұнды ақпараттық материалдар сериясын әзірлейтін болады.
Алдағы уақытта қос тарап бірлескен жобаларды қолға алып, Түркістанның тарихи мұрасын оқырманға жүйелі түрде жеткізуді көздеп отыр.



