Басты жаңалықтар

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҒЫМ 39,4%-ҒА АЗАЙДЫ

Түркістан облысында тұрғындардың медициналық ұйымдарға қатысты арыз-шағымы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайған. 2026 жылдың алғашқы 8 айында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 505 өтініш түскен. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 328 өтінішке, яғни 39,4%-ға аз.

Қор мамандары мұны медициналық ұйымдардағы пациенттермен кері байланысты жақсарту және мәселелерді сол ұйымның ішінде шешу жұмыстарының нәтижесімен байланыстырады.

Мәселе қай жерде шешіліп жатыр?

Тұрғындардың көпшілігі медициналық ұйымдағы мәселе туындаса, бірден Қорға жүгінеді. Алайда көптеген жағдайды емхана немесе аурухананың өзіндегі Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі арқылы шешуге болады.

Бұл қызмет пациенттердің өтініштерін қарап қана қоймай, медициналық көмектің сапасы мен ұйымдастырылуын талдайды, қызметтердің белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылайды және азаматтардың құқықтарын қорғауға көмектеседі.

Осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін биыл 2 996 маманның қатысуымен 23 оқыту семинары өткізілген.

Тұрғындар көбіне неге шағымданады?

Түскен 505 өтініштің арасында:

  • медициналық көмектің сапасы;
  • қызмет көрсетуден бас тарту;
  • дәрі-дәрмектің берілмеуі;
  • емханаға тіркелу мәселесі;
  • ақпараттық жүйелердегі қате мәліметтер;
  • медициналық көмекті ұзақ күту;
  • медицина қызметкерлерінің этикасы мен деонтологиясы;
  • қайталанатын өтініштер бар.

Қор медициналық ұйымдардағы пациенттерді қолдау қызметтерімен тұрақты жұмыс жүргізіп, мамандарға нақты шағымдарды қарау, кәсіби этика және деонтология, сондай-ақ репутациялық менеджмент бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Медициналық қызметтің ашықтығы артады

Медициналық ұйымдарда «Qalqan» цифрлық сервисінің QR-кодтары да орналастырылып жатыр. Оның көмегімен пациенттер медициналық ұйымға барғанын мобильді қосымшалар арқылы растай алады.

Мәселе туындаған жағдайда азаматтар алдымен өз емханасы немесе ауруханасындағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіне алады. Сонымен қатар өтінішті Қордың ресми сайты немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы жолдауға болады.

Қорға түскен өтініштердің барлығы мәселе толық шешілгенге дейін бақылауда болады. Ал тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын талдау медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған шешімдер қабылдауға негіз болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button