ҒАСЫРЛАРДАН ЖЕТКЕН ҚАСИЕТТІ МЕКЕН: СОЗАҚТА БАБА ТҮКТІ ШАШТЫ ӘЗІЗ КЕСЕНЕСІ ЖАҢҒЫРДЫ

Созақ даласында ғасырлар бойы ел жадында сақталған тарихи орынның жаңа тынысы ашылды. XVIII ғасырдың ортасында бой көтерген Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі толық жаңғыртылып, қайтадан зияратшылар мен қонақтарға есігін ашты.

26 қыркүйекте Құмкент ауылынан оңтүстікке қарай үш шақырым жерде орналасқан тарихи нысанның ашылу рәсімі өтті.
Кесененің алғашқы нысаны XVIII ғасырдың ортасында салынған. Кейінгі сәулеттік келбеті XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қалыптасқан. Бүгінде ол «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген 100 ұлттық қасиетті нысанның қатарында.
Жаңғырту жобасын Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асырды. Жұмыс барысында кесенемен қатар аумақтағы қонақүй, асхана және қараушының үйі де жаңартылды.
Қалпына келтіру жұмыстары аккредиттелген компания әзірлеген, Түркістан облысының мәдениет басқармасымен келісілген құжаттама негізінде жүргізілді.
Halyk қорының Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов тарихи нысанды жаңғыртудың мақсаты — оның тарихи болмысын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу екенін атап өтті.
Ашылу рәсімінде ауыл ақсақалдары бата беріп, елдің амандығы мен ұрпақтың бірлігін тіледі.
Ғасырлар бойы ел жадында сақталған кесене енді жаңарған келбетімен зияратшылар мен қонақтарға қызмет етпек.



