Қызылорданың медиа кеңістігіне жаңа леп: «KZO LIFE» жұмысын бастады
Қызылордада өңірдің тыныс-тіршілігін жаңа форматта танытатын «Kzo life» кросс-медиа жобасы ресми түрде іске қосылды.

Жаңа медиа жоба — Kozildirik Media Group компаниясының Қазақстан өңірлеріндегі жұмысын кеңейту бағытындағы кезекті қадамы. «Kzo life» — Астана, Абай облысы, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Түркістан облыстарынан кейін ашылған алтыншы аймақтық жоба әрі Kazlife экожүйесіндегі алтыншы жоба.
Жобаның басты мақсаты — Қызылорданың жаңалығы мен жаңғыруын, өңірдегі маңызды оқиғалар мен ел назарынан тыс қалуы мүмкін қызықты деректерді, жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігін оқырманға заманауи әрі жедел форматта жеткізу.
Бас редактор Ғалия Бисейіттің айтуынша, «Kzo life» — жай ғана жаңалық тарататын ақпарат алаңы емес. Бұл — өңірдің өзіне тән болмысын, адамдарын, оқиғаларын және күнделікті өмірін бір арнаға тоғыстыратын жаңа медиаплатформа.
«Kzo life» арқылы Қызылорданың жаңалығын ғана емес, өңірдің өзін — адамдарын, тарихын, мүмкіндігін және өзгерісін көрсету көзделеді.
Оқырманға ақпаратты кез келген уақытта және өзіне ыңғайлы платформада алу мүмкіндігі қарастырылған. Жоба сайт, Instagram, TikTok, Telegram және YouTube платформаларында қатар жұмыс істеп, жаңалықты жедел әрі қолжетімді форматта ұсынбақ. Қызылордадағы жаңа медианың дамуына өзіндік серпін беріп, өңірлік журналистиканың мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.
«Kzo life» командасына жаңа жобаның тұсауы сәтті болып, мазмұнды контент, тың идея мен толымды шығармашылық табыс тілейміз!


