Басты жаңалықтар

Кембриджде Отырардың жаңа деректері таныстырылды

Түркістандық ғалымдар Кембридж университетінде Отырар мен Түркістан облысындағы ортағасырлық қалаларға қатысты археологиялық зерттеулерін таныстырды.

Кембриджде «Ортағасырлық Орталық Азиядағы урбанизм мен қала тұрақтылығын зерттеудің археологиялық тәсілдері» атты халықаралық конференция өтті. Қазақстан атынан археолог, профессор Мұхтар Қожа, PhD Бақдәулет Сыздықов, PhD Әли Әлімбекұлы, докторант Шыназ Алмазұлы және археолог Серік Ақылбек қатысты.

Мұхтар Қожа әріптестерімен бірге Отырар рабадындағы тұрғын үйлерден табылған михрабтар туралы зерттеуін таныстырды. Зерттеуде 2025 жылғы қазба нәтижелері мен радиокөміртекті талдау деректері қамтылып, исламның Оңтүстік Қазақстанға таралуының алғашқы кезеңдері қарастырылды.

Ғалымдар Отырарда 2025 жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. 2026 жылы Алтын Орда дәуіріне жататын мешіт орны, тас төселген көше және сатылы құрылымдар анықталды.

Конференцияда Күлтөбе, Құйрықтөбе және Отырар оазисіне қатысты зерттеулермен қатар, қаланың экономикасы, сауда байланыстары, су жүйелері мен жерлеу дәстүрлері де таныстырылды.

Кембриджге сапар барысында Түркістан, Отырар және Тараздан алынған зерттеу үлгілері университет зертханасына талдау үшін тапсырылды. Ғалымдар Кембридж университеті мен Британ музейінің қорларындағы тарихи деректерді де зерделеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button