ҚАЛАМЫМЕН ҚАЛА ТАНЫТҚАН, ШӘКІРТІМЕН ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ҰСТАЗ
Журналистикаға жарты ғасырдан астам ғұмырын арнап, Түркістанда тұтас бір журналистер буынының қалыптасуына еңбек сіңірген профессор Сейдулла Садықұлы 75 жасқа толды. Ғалымның мерейтойы туған жерінде тағылымды басқосумен аталып өтті.

Қазақ журналистикасында өз қолтаңбасын қалдырған Сейдулла Садықұлының есімі Түркістандағы журналистика мектебімен біте қайнасқан. Ол – қаламгер, зерттеуші ғана емес, кәсіби тәжірибесін кейінгі буынға аманат еткен ұстаз. Осыған орай Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Өңір журналистикасының абызы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, ғалымдар мен журналистер, зиялы қауым өкілдері және профессордың шәкірттері бас қосты. Мерейтой иесіне облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтауы жеткізілді.
Сейдулла Садықұлының кәсіби жолы 1977 жылы басталған. Еңбек жолын Алматы облыстық «Жетісу» газетінде меншікті тілші болып бастаған ол кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс берді. Ал 1994 жылы Түркістанға келіп, Халықаралық қазақ-түрік университетінде журналистика бөлімінің ашылуына жетекшілік етті. Осылайша өңірдегі журналистика білімінің қалыптасуына негіз қалады.
Бүгінде ол негізін қалауға атсалысқан кафедрадан 700-ге жуық маман түлеп ұшқан. Бұл – ұстаз еңбегінің нақты нәтижесі, журналистикаға қосқан үлесінің бір көрінісі.
Сейдулла Садықұлының еңбегі кәсіби ортада да жоғары бағаланған. Ол «Құрмет» орденінің, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2012» атағының иегері.
75 жыл – Сейдулла Садықұлы үшін жай ғана мерейтой емес, қаламмен өрілген ғұмырдың, ғылымға сіңген еңбектің және шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаздық жолдың белесі. Ал оның еңбегінің жалғасы – бүгінде ел ақпарат кеңістігінде қызмет етіп жүрген шәкірттері.



