Түркістанда экопарк салу жоспары талқыланды

Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында экопарк құру жұмыстары басталды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жоспарланған аумаққа барып, жобаның жай-жапсарын жауаптылармен бірге пысықтады,деп хабарлайды turkistanlife.kz

Биыл Түркістан қаласында 50 гектар аумаққа экопарк құру жоспарланып отыр. Жаңа саябақ «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты аумақтан салынбақ. Экопаркте 10 000-ға жуық ағаш көшеттерін отырғызу көзделген. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімделген тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаш түрлеріне басымдық берілмек.

Қазіргі таңда экопарк аумағында тазалық, көгалдандыру және демалушылар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға дайындық жүріп жатыр. Оған 150 адам жұмылдырылып, 10 техника тартылған.

Жауаптыларға жұмысты сапалы атқаруды тапсырған Нұралхан Көшеров одан кейін халықаралық әуежайға апаратын жол бойындағы көгалдандыру жұмыстарын қадағалады. Түркістан облысында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.



