Turkistan lifeБасты жаңалықтар

Хантағыдағы хан тағдыры жайлы аңызды білесіз бе?

Қаратаудың етегінде орналасқан Хантағы шатқалы – табиғат сұлулығы мен тарих сырын сақтаған ерекше мекен.

Қаратаудың теріскей беткейінде, Кентау қаласының іргесінде орналасқан Хантағы шатқалы — табиғатымен ғана емес, тасқа басылған терең тарихымен де құнды. Мұндағы әрбір шың мен сарқырап аққан өзеннің өз айтары бар. Біреулер бұл жерді билеушілердің жазғы ордасы десе, енді біреулер тағдырдың жазған ажалынан қашқан ханның соңғы тұрағы ретінде сипаттайды. Хантағы атауының астарында не жатыр: биліктің нышаны болған «Тақ» па, әлде көне дәуірден жеткен жұмбақ па?

Хантағы атауына қатысты ел аузында бірнеше аңыз сақталған. Соның ішінде ең көп таралғаны — ажалдан қашып, тау басынан пана іздеген хан туралы әңгіме.

Аңыз бойынша, бірде сәуегей балгер ханның жұлдызына қарап: «Сенің ажалың қарақұрттан болады», — деп болжам жасайды. Дәл сол жылдары өңірде қарақұрт қаптап, мал мен жанға маза бермейді. Өлімнен қатты қорыққан хан дереу жасағын сайлап, керуен түзеп, тау жағасын саялайды. Қаратаудың биік етегіне қоныс теуіп, сақтық шараларын күшейтеді. Қарауыл жасақтары күндіз-түні көз ілместен ханды сол бір тажалдан қориды.

Күздің бір суық күндерінде үш күн, үш түн дамылсыз соққан аңызақ жел басылғанда, хан халықпен жүздесу үшін сарайынан шығып, өз тағына келеді. Сол сәтте жел айдап әкелген қарақұрттың баласы ханды шағып үлгереді. Осылайша, биік шыңға шығып, өзінше жан сауғаламақ болған ханның ажалы өз тағында жеткен деседі. Ал әміршінің тағы тұрған жері кейін «Хантағы» аталып кеткен.

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романындағы баян

Бұл аңыз тек халық жадында ғана емес, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындысы — Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында да көрініс тапқан. Жазушы тарихи шындық пен халықтық фолькролды шебер шендестіре отырып, билеушілердің тағдырдың жазған үкімі алдындағы дәрменсіздігін осы Хантағы аңызы арқылы суреттейді. Есенберлиннің баяндауында бұл оқиға хан мен халық арасындағы байланыстың үзілуі мен жеке бастың амандығын бәрінен биік қоюдың соңы неге апарып соғатынын ұғындырады.

Тарихи атаудың төркіні: «Пайтақ» пен «Хантағы»

Тарих ғылымының докторы, профессор Мұхтар Қожаның зерттеулеріне сүйенсек, Хантағы атауының төркіні аңыздан да тереңде жатыр.

Пайтақ мағынасы: Ертедегі шығыс халықтарында «пайтақ» сөзі астана, орталық деген мағынаны берген. «Хантағы» сөзі — «Хан жұрты», «Хан ордасы» немесе «Хан тұрағы» деген ұғымдардың тікелей баламасы болуы әбден мүмкін.

Оғыз дәуірі: XII ғасырдағы географ әл-Идрисидің еңбектерінде Руза өзенінің жағасындағы жартаста орналасқан «Хийам хандаг» атты оғыз тайпасының орталығы, бас қаласы бар екені жазылған. Бұл — Хантағы атауының көне түркілік тамырын айшықтайтын құнды дерек.

Бүгінгі таңда Хантағы — Түркістан облысының інжу-маржаны іспетті. Теңіз деңгейінен 797 метр биіктікте орналасқан тау соқпағымен жоғары өрлеген саяхатшы Қаратаудың ғажайып панорамасына куә болады. Бұл жер тек тарихи жәдігерлерімен емес, таза ауасы мен сан алуан өсімдіктер дүниесімен де туристерді баурап келеді.

Ақниет Қалдыбекова

Басқа жаңалықтар

Back to top button