
Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сайрам, Сарыағаш, Жетісай және Ордабасы аудандық ауруханалары көпбейінді орталық аудандық аурухана деңгейіне көтерілуде.
Жоба халық тығыз орналасқан және географиялық ерекшелігі бар өңірлерде жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды көздейді. Соның нәтижесінде бұрын тек облыс орталығында көрсетілетін бірқатар күрделі қызметтер аудан деңгейінде қолжетімді бола бастады.
Аталған ұлттық жобасы аясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының мәліметінше, аталған ауруханаларға 2025 жылы ТМККК шеңберінде 844 млн теңгеден астам, ал биыл 1,5 млрд теңгеден астам қаржы төленген.
Ауруханалар заманауи медициналық жабдықтармен кезең-кезеңімен қамтамасыз етілуде. Бүгінде инсульт орталықтары, кардиология, травматология, хирургия, перинаталдық және оңалту бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар КТ, МРТ, ангиограф сынды жоғары технологиялық құрылғылар енгізілген.
Интервенциялық кардиология бөлімшелерінде коронарлық ангиография және жүрек тамырларын стенттеу оталары жүргізілуде. Сондай-ақ инсульттің екінші деңгейлі орталықтары қызмет көрсетеді.
Жаңа жүйе бойынша:
- Сайрам ауруханасы Сайрам, Қарабұлақ, Төлеби, Түлкібас аудандарына.
- Жетісай ауруханасы Асықата, Мақтаарал, Шардара аудандарына.
- Сарыағаш ауруханасы Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандарына.
- Ордабасы ауруханасы Ордабасы, Арыс, Бәйдібек аудандарына
жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.
Жобаны іске асыру арқылы шалғай елді мекен тұрғындары сапалы медициналық көмекті өз өңірінде алып, уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік алып отыр.



