Басты жаңалықтар

МАРАТ ТҰЯҚБАЕВ: «ТҮРКІСТАН ОТЫРАРДАН ДА КӨНЕ БОЛУЫ МҮМКІН»

Ол бір кездері қолына қалам алып, елдің мұңын жоқтайтын журналист болуды армандаған еді. Алайда тағдыр оны ағылшын тілінен «сүріндіріп», тарихтың терең қойнауына жетелеп әкелді. Бүгінде археолог Марат Тұяқбаев — Түркістанның әр кірпішін танитын, оның 2400 жылдық тарихын дәлелдеп жүрген санаулы мамандардың бірі. Біз ғалыммен Өзбекәлі Жәнібековтің ғибраты және Түркістанның көне жасы туралы әңгімелескен едік.

«ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛГЕН…»

Марат Қымызұлы, сіздің өскен ортаңыз, ата-анаңыздың болмысы болашақ мамандығыңызға қаншалықты әсер етті? Жалпы, тарихқа деген қызығушылық қалай пайда болды?

– Менің әкем де, анам да білім саласының адамдары болды. Екеуі де 1924 жылғы, Шорнақта отбасын құрып, тоғыз баланы тәрбиелеп өсірді. Әкем Қымыз Тұяқбаев 1950 жылы ҚазМУ-дың тарих-филология факультетін бітіріп, Шорнақта мектеп директоры болса, анам Ибадат Жақыпова білім беру бөлімін басқарды. Үйімізде үнемі тарих пен әдебиет айтылатын. Бес ұл, төрт қыздың бәрі жоғары білім алдық. Әкем тарихшы болған соң, менің де осы салаға бет бұруым заңдылық сияқты көрінген. Бірақ…

Бірақ таңдауыңыз басқа арнаға ауды ма? Жастық шақтағы арманыңыз қандай еді?

– Шынымды айтсам, мен журналист болғым келді. Сөзге үйір болдым, мектеп кезінде ауылдық газеттерге мақалаларымды жазып тұратынмын. Тіпті, оқуға тапсырғанда шығармадан еш қиналмай өттім. Бірақ біздің кезде ауыл баласына ағылшын тілінен емтихан тапсыру үлкен кедергі болды. Ағылшыннан сүрініп, оқуға түсе алмай қалдым. Содан ауылға қайтып, Мәдениет үйінде бір жыл суретші-декоратор болып жұмыс істедім. Бірақ бір жылдан кейін қайта барып, «қай факультетте ағылшын тілі жоқ, соған тапсырамын» деп шештім. Тарих факультетінде ағылшын сұралмайды екен, солай тағдырдың айдауымен тарихқа түстім. Ол кезде журналист болуды қатты қаласам, қазіргі журналистерді көріп тәубе етемін. Дегенмен, кейіннен небір мықты журналистермен дос болдым, сыйластым.

Тарихқа «амалсыз» келгеніңізбен, археологияға деген нағыз махаббат қашан оянды? Алғашқы тәжірибеңіз есіңізде ме?

– Бәрі бірінші курстан кейін басталды. 1975 жылы Жамбыл облысындағы көне Ақтөбе (Баласағұн) қаласында археологиялық практикадан өттік. Академик Әлкей Марғұлан, Уахит Шәлекенов бастаған азулы ағаларымыздың қасында жүріп, қазба жұмысына қатыстық. Көне қаланың топырағын аршып, тарихтың тілсіз жәдігерлерімен тілдескенде, бұл саланың журналистикадан кем емес екенін түсіндім. Археология – бұл өткен ғасырлардың «репортажы» екен. Солай тарихшы болуды тағдырым деп қабылдадым.

«ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ҚОЛЫНА ШЕЛЕК АЛЫП, ТОПЫРАҚ ТАСЫҒАНДА ҚЫСЫЛАТЫНБЫЗ»

Марат Қымызұлы, 1979 жылы оқуды бітіргеннен кейін бірден музейге жұмысқа орналаса алмапсыз. Оған не себеп болды және алғашқы еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Оқуды бітірген соң маған сол кездегі Қожа Ахмет Ясауи сәулет ғимараты музейіне жолдама берілген еді. Бірақ жұмысқа барғанымда бос орын болмай шықты. Содан амал жоқ, Түркістандағы №4 Сейфуллин атындағы мектепке тарих, сурет және сызу пәндерінің мұғалімі болып орналастым. Бір жылдай бала оқыттым. Бірақ көкейімде археология мен музей ісі тұрды. Солай бір жылдан кейін құжаттарымды жинап, сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің алдына бардым. Ол кісі дипломымды көріп, Отырар музейі ашылып жатқанын айтты. Солай Өзбекәлі ағаның қолдауымен 1980 жылы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне аға ғылыми қызметкер болып қабылдандым. Отырардың жасын анықтау үшін археологтар қажет болды да, мені сол жұмысқа арнайы шақыртты.

Сіз Өзбекәлі Жәнібековпен етене жақын жұмыс істеген адамсыз. Ол кісінің музей құрудағы еңбегі мен тұлғалық болмысы туралы не айта аласыз?

– Өзбекәлі Жәнібеков – музейдің нағыз архитекторы. Ол кісі алғашқыда қолда бар экспонаттарды жинап, тіпті басқа жақтан алдыртып, музей құрылымын өз қолымен жасады. Оны атап өтпеу мүмкін емес. Өзекеңмен бірге жүріп жұмыс істеудің өзі үлкен мектеп еді. Біз келген уақытта ол кісі жанталасып жұмыс істеп жататын. Экскурсоводтар жетіспейді, штатымыз аз. Соған қарамастан, Өзбекәлі ағаның кішіпейілділігіне таңғалатынбыз. Министрдің орынбасары бола тұра, қолына шелек алып, топырақ тасып, қара жұмыс істеп жүре беретін. Біз жаспыз, қысылып: «Аға, шелекті бізге беріңіз» деп жармасамыз, ол кісі: «Бар, өз жұмысыңды істе!» деп айтатын. Қазір қай басшыдан осындай қарапайымдылықты көресіз? Ол нағыз адамның адамы еді.

Музей алғаш ашылғанда атауы басқаша болды, кейін мәртебесі бірнеше рет өзгерді. Осы өзгерістердің басында жүрген маман ретінде музейдің даму тарихын қалай сипаттар едіңіз?

– Мен бұл музейде 40 жылдан астам уақыт ішінде 3 үлкен тарихи өзгерісті және 20-ға жуық директорды көрдім. 1978 жылы ашылғанда «Қожа Ахмет Ясауи сәулет ғимараты музейі» болатын. Кейіннен 1987 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне айналды. Ал осыдан екі жыл бұрын ғана «Ұлттық музей» мәртебесін алды. Осы уақыт ішінде музей тек ғимарат емес, үлкен ғылыми орталыққа айналды. Біз бастапқыда бәріміз экскурсовод болдық, өйткені маман тапшы еді. Сол кездегі қиындықтар мен ізденістер бүгінгі биік деңгейге жетуге негіз болды деп есептеймін.

«МЕШІТ ҚҰДАЙДЫҢ ҮЙІ, ОҒАН ТЫЙЫМ ЖҮРМЕЙДІ»

Марат Қымызұлы, сіз Түркістандағы рухани нысандарды, әсіресе Қылует жер асты мешітін зерттеуге көп еңбек сіңірдіңіз. Бұл орынның халық үшін маңызы қандай және сіз оны алғаш зерттей бастағанда қандай жағдайда еді?

– Қылует — жай ғана архитектуралық ескерткіш емес, ол Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тіршілік кешкен, ғибадат қылған мекені. Біз оны зерттеп, аршыған кезде оның әрбір қабырғасынан сол заманның табы сезілетін. Кезінде бұл жерде халықтың сенімі мен ғибадаты қайнап жатқан. Бірақ советтік кезеңдегі атеистік саясат бұл рухани байланысты үзгісі келді. Мешітті «музей жәдігері» ретінде ғана қарастырып, оның жанын, яғни халықтың құлшылығын шектеп тастады. Мен ол жерді археологиялық тұрғыдан аршып қана қоймай, оның тарихи жобасын қайта дайындап, бүгінгі ұрпаққа сол қалпында жетуіне атсалыстым. Негізі мешіт ешкімнің жекеменшігі емес. Ол Құдайдың үйі. Советтік кезде халыққа түнеуге, мешіт ішінде ұзақ болуға рұқсат бермеді. Тіпті, көп адамдар «түсімде аян берді, бабаның басында қонып шығуым керек» деп алыстан келетін. Бірақ біздегі «антидистик» (дінге қарсы) түсінік олардың жолын кесті. Меніңше, бұл қате. Егер адам мешітке ниет етіп келсе, оған ешқандай шектеу қойылмауы қажет. Мешіт — халықтың рухани шөлін қандыратын орын. Оны тек сыртынан тамашалайтын экспонатқа айналдыруға болмайды.

Түркістандағы киелі орындарға қатысты «тыйымдар» мен «шектеулер» туралы қазір де жиі айтылады. Ғалым ретінде бұл мәселенің шешімін қалай көресіз?

– Біз тарихты тек тастан немесе қыштан іздемеуіміз керек, ол — рухта. Қылует, Жәудір ана, Баба Араб мешіттерін аршып, қалпына келтіргендегі мақсатымыз — оларды тек туристік нысан қылу емес, халықтың табиғи сеніміне қайтару болатын. Қазір де шектеу көп екенін жасырмаймын. Бірақ түсінуіміз керек, киелі жердің қасиеті ол жерде құлшылық тоқтамағанда ғана сақталады. Тарих пен діни сенім бір-біріне кедергі келтірмеуі тиіс. Керісінше, археология сол киелі орындардың шынайы бейнесін ашып, адамдардың сенімін ғылыми дерекпен қуаттай түсуі керек.

«ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАСЫ 2400 ЖЫЛ»

Марат Қымызұлы, сіз Түркістанның жасын анықтау үшін жүргізілген ең ірі экспедициялардың басында тұрдыңыз. Соңғы жылдары табылған жәдігерлер Түркістанның тарихын қаншалықты тереңге сүйреп әкетті?

– Иә, бұл біздің ұзақ жылғы еңбегіміздің жемісі. 2019-2021 жылдары Күлтөбе қалашығының цитаделі мен шаһаристанында ауқымды стратиграфиялық шурфтар салдық. Шұңқырлардың тереңдігі кей жерлерде 6 метрге дейін жетті. Тек №7 қазба жұмысы кезінде ең астыңғы мәдени қабаттан б.з.д. ІІІ ғасырға жататын «банкообразный» хум сынықтары табылды. Бұл жәдігерлер қаланың нақты жасын 2300-2400 жылға дейін бір-ақ ұзартты. Тіпті, академик Б.Байтанаев Түркістанның жасын 3500 жылға дейін созуға болатындығы жайлы тұжырымдама жасады. Бұл дегеніңіз, Түркістан біз ойлағаннан әлдеқайда көне өркениеттің ошағы.

Сонда Түркістанның тарихи жасы одан да терең болғаны ма?

– Солай деуге болады. Отырар біздің мақтанышымыз, тарихымыздың алтын діңгегі. Бірақ археологиялық деректерге сүйенсек, Түркістанның (Ясының) қалыптасу тарихы мен оның айналасындағы оазистік жүйе өте ауқымды. Біз Түркістан оазисіндегі 60-тан астам қала мен қонысты зерттеп, картаға түсірдік. Оның ішінде 22 ескерткіш бұрын ғылымға мүлдем белгісіз болатын. Түркістанның астында жатқан ежелгі қабаттар, оның суландыру жүйелері мен кәріздері бұл жерде Отырардан да ерте, қуатты қалалық мәдениет болғанын айғақтайды. Егер Түркістанның 2400 жылдық тарихы толық мойындалса, ол бүкіл Орталық Азиядағы ең көне шаһарлардың біріне айналады.

Археологиялық қазбалар тек «қазу» емес, оны «қалпына келтіру» екенін де жиі айтасыз. Түркістанның көне келбетін қайта тірілтуде қандай нысандарды ерекше атап өтер едіңіз?

– Мен тек қазумен шектелмей, оларды музеефикациялауды, яғни халық көретіндей қалпына келтіруді мақсат тұттым. Мәселен, Түркістанның Жеті ата, Тәкиә, Дарбаза және Мүсәллә қақпаларында қазба жүргізіп, жобасын дайындадық, бүгінде олар қайта тұрғызылды. Баб Араб мешіті мен Хан мешіті, Бабырат ата көпірі де біздің қазба нәтижелеріміздің арқасында қайта бой көтерді. Тіпті XVІII ғасыр деңгейіндегі тұрғын үйлер мен астық қоймаларын аршып, сол заманның көшесін қалпына келтірдік. Бұл жұмыстардың бәрі — Түркістанның тек «кесенеден» ғана тұрмайтынын, оның үлкен әрі байырғы қала болғанын дәлелдеу үшін жасалды.

Марат Қымызұлы, журналист болуды армандап, тарихтың тамыршысына айналдыңыз. Бүгінде артыңыздан ерген шәкірттеріңіз, жазылған көптеген монографияларыңыз бар. Осы өткен жолыңызға қарап, бүгінгі биіктен не айтар едіңіз?

– Өкініш жоқ. Тағдыр мені журналистикадан алшақтатқанымен, Түркістанның тарихын жазатын «жылнамашыға» айналдырды. Археологтың жұмысы да журналистің еңбегіне ұқсас: біз де зерттейміз, іздейміз, шындықтың бетін ашамыз. Тек біздің «кейіпкерлеріміз» — ғасырлар қойнауында жатқан жәдігерлер. Шәкірттеріме үнемі айтатыным: «Тарихты тас деп қарамаңдар, ол тірі ағза». Егер біз Түркістанның әр кірпішін қадірлей білсек, ол бізге әлі талай құпиясын ашады. Менің арманым, Түркістанның 2400 жылдық тарихы әлемдік деңгейде мойындалып, бұл киелі мекен адамзат өркениетінің алтын бесігі ретінде ұрпақтар жадында мәңгі сақталса екен деймін.

Марат Тұяқбаевпен болған әңгімеден соң, Түркістанның жай ғана қала емес, алып бір кітап екенін түсінгендей боласың. Ол кітаптың әр бетін абайлап парақтап, шаңын сүртіп, бүгінгі күннің тілінде сөйлетіп отырған ғалымның еңбегі — нағыз ерлік. Бір кездері ағылшын тілінен сүрінген бозбаланың бүгінде Түркістанның тарихын әлем тілінде сөйлетіп отырғаны тағдырдың ең әдемі жауабы болса керек.

Ғалия Бисейіт

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button