Қазығұрттық келіншек қалай кәсіпкер атанды?

Қазығұрт ауданы, Рабат ауылының тұрғыны Насихат Шораева бүгінде нағыз сұранысқа ие кәсіпкер. Ол мемлекеттің «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 8 млн теңге алып, 16 сиыр сатып алған.
Насихат апайдың қазіргі жағдайы тіпті керемет, тірлігі нағыз қызған шағында десе де болады. Күнде таңертең сиырларын сауып, 20 литрдей сүт алады да, оны жай сата салмай, бірден іске кіріседі. Күніне 3 келіден сап-сары қолдың майы мен аппақ құртын дайындап үлгереді. Ең қызығы, Насихаттың бұл өнімдерінің дәмі ауылға жайылып кеткені сонша көрші-қолаң мен ауылдастары «бізге жетпей қала ма» деп, күнде таңертең кезекке тұрып алады екен. Тұтынушыларының көптігінен өнімі ауылдан артылмайды, бәрі талас-тармаспен кетіп жатыр.
«2,5 пайыз деген ауыл адамдары үшін таптырмас мүмкіндік. Қазір өніміміз ауылдан артылмайды, тұтынушылар алдын ала жазылып қояды. Болашақта үлкен ферма ашсам деймін», — дейді кейіпкеріміз.
Түркістан облысы бойынша бұл бағдарламаға 30 млрд теңгеден астам ақша бөлінген. Соның арқасында, 3 790-нан астам жоба іске қосылған. 4 600-ден астам адам жұмыспен қамтылды.
Қалай ойлайсыз, ауылда кәсіп бастау үшін 2,5% несие тиімді ме?



