Онлайн әзілдің офлайн жазасы бар

Әзілдеймін деп шектен шығатындар көбейді. Соңғы уақытта достардың, әріптестердің немесе сыныптастардың фотосын рұқсатсыз стикерге айналдырып, мазақ ретінде тарату жиілеген. Бірақ бұл «жай қалжың» емес — заң алдында жауапкершілікке әкелетін әрекет.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, біреудің бейнесін рұқсатсыз пайдаланып, оны қорлау немесе мазақ ету — құқықбұзушылық. Мұндай жағдайда әкімшілік айыппұл салынады:
— кәмелетке толмағандар үшін ата-анасына 10 АЕК (43 250 теңге),
— 18 жастан асқандарға 30 АЕК (129 750 теңге).
Ал егер бұл әрекет адамның абыройына нұқсан келтіріп, психологиялық немесе материалдық зиян келтірсе, жаза күшейеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес, ең ауыр жағдайда 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Психолог Алиева Толғанай мұндай «әзілдердің» адамның психикасына ауыр соққы болуы мүмкін екенін айтады. Келемежге ұшыраған адамда өзін-өзі бағалау төмендеп, ұят, қорлану сезімі күшейеді. Тіпті әлеуметтік оқшаулануға немесе депрессияға алып келуі ықтимал.
Ең алаңдатарлығы — бұл құбылыс мектеп оқушылары арасында жиі кездеседі. Сыныптастарының бейнесін стикерге айналдырып, мазақ ету балалар арасында «қалыпты» көрініске айналып барады.
Ал сіз әзіл мен қорлаудың шегін ажыратып жүрсіз бе?



