Түркістандық кәсіпкерлер неден қашып жүр?
Түркістан облысындағы кәсіпкерлердің жартысынан астамы ғана өз жұмысшыларын сақтандырған болып шықты. Ал қалғандары ше?

Түркістан облысында қазір 2 миллионнан астам (дәлірек айтсақ, 2 147,9 мың) халық бар. Бірақ, басым бөлігі, яғни 75% ауылда тұрады. Қалада небәрі 544 мыңдай ғана адам. Бұл деректерді ҚР Еңбек және халықты қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті бөлісті, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Биылдың өзінде жұмыс берушілерге 10 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 90% мемлекет қайта өндіріп алған. Өндірісте 13 адам жарақат алып, өкінішке қарай, 2 адам қайтыс болған. Ең көп жарақат алу деректері медицина мен шағын бизнесте болған дейді мамандар.
Қазір 34 кәсіпорын «Vision Zero» деген жобаға қосылыпты. Ал 1500-ден астам мекеме қағазбастылықты тастап, электронды форматқа көшкен.
Егер сіздің құқығыңыз бұзылса немесе жалақыңызды бермей жүрсе үндемей отырмаңыз. Мәселен, биылдың өзінде 800-ге жуық адам шағымданып, мәселесін шешкен.
Десе де, Түркістандағы бизнес өкілдері жұмысшы сақтандыруға әлі де асығар емес. Сіз қалай ойлайсыз, бұл салғырттық па, әлде айлакерлік пе?


