Басты жаңалықтар

30 миллиард теңге қайда жұмсалды?

Түркістандағы нәтижелер белгілі болды.

30,2 млрд теңге, 4 223 жоба, 4 635 жаңа жұмыс орны. «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында осындай нәтиже көрсетті. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, жүздеген отбасының әлеуметтік көмекке тәуелділігін азайтуға мүмкіндік берген.


Бағдарламаның өңірдегі іске асырылу барысы Шардара ауданында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, министрліктердің өкілдері мен өңір басшылары қатысты.


Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің мәліметінше, 2023–2025 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 30,2 млрд теңгеге 4 223 жоба қаржыландырылған. Соның нәтижесінде 4 635 жаңа жұмыс орны ашылып, 593 жылыжай салынды. Бұдан бөлек, 76,8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы малы сатып алынып, 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды.

Бағдарламаның нақты нәтижесінің бірі – 441 отбасының атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шығуы. Қазір осы жобалардың арқасында Түркістан облысында жыл сайын шамамен 80 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілуде.

Биыл бағдарламаны жалғастыруға республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге бөлінді. Алғашқы 7 млрд теңгелік қаржы толық игеріліп, 583 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл жобалар арқылы тағы 1 234 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жеңілдетілген несиелер ең алдымен Отбасылық цифрлық картаның «D» және «E» санатындағы азаматтарға беріледі.


Кеңес қорытындысында Қанат Бозымбаев «Ауыл аманатының» ауыл экономикасын дамытудағы маңызына тоқталып, бағдарламаны тиімді жүзеге асырып жатқан өңірлерді қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ әкімдіктерге бөлінген қаражатты уақытылы игеру, жобаларды мерзімінде аяқтау және жаңа жұмыс орындарын құру көрсеткіштерін орындау міндеті жүктелді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button