
Астана күні мерекесінің қарсаңында Созақ ауданында үлкен қуаныш орын алды. Аудан орталығындағы «Жеткіншек» шағынауданынан бой көтерген жаңа пәтерлердің кілті әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы 25 отбасыға салтанатты түрде табысталды.

Жиналған қауымды арнайы құттықтаған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков пен мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауданда тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүріп жатқанын атап өтті. Азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы, заңға сай таза әрі кезек реттілігімен жүзеге асырылған.

Ең қызығы, Созақ ауданындағы бұл жағымды жаңалық мұнымен тоқтамақ емес. Жақында ғана Мемлекеттік рәміздер күнінде 29 отбасы баспаналы болса, дәл қазір тағы 22 пәтердің құжаттары рәсімделіп жатыр. Олар да таяу күндері өз иелеріне берілмек. Сонымен қатар, аудан орталығында 20 пәтерлі зәулім үйдің құрылысы жүріп жатса, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының демеушілігімен 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Аудан билігі бұл жұмыстардың жүйелі түрде жалғаса беретінін және кезекте тұрған әрбір мұқтаж жанның баспаналы болуына күш салатынын мәлімдеді.


