
Енді несиесін өтей алмай жүргендер банкроттық жариялай алады. Бірақ бұл кімдерге тиімді? Түркістан облысы бойынша МКД басқарма басшысы Ержан Шынәділ кімнің қарызы қандай тәртіппен кешірілетінін айтты.
Егер сіздің қарызыңыз 5,9 миллион теңгеден аспаса, сіз сотқа бармай-ақ банкрот бола аласыз. Ол үшін мына шарттар орындалуы тиіс:
• Соңғы 12 ай бойы несиеңізді бір тиын да төлемеген болуыңыз керек.
• Атыңызда ешқандай мүлік (үй, көлік, жер телімі) болмауы шарт.
• Егер сіз АСП алып жүрген болсаңыз, бірден өтініш беруге құқылысыз.
5 жылдық «амнистия»
Егер несиеңізді 5 жылдан асса төлемесеңіз, онда қарыз сомасының қанша екеніне және мүлкіңіздің бар-жоғына қарамастан банкроттыққа арыз бере аласыз.

«Кейбір азаматтар банкроттық алдында мүлкін туыстарына сатып немесе сыйға тартып үлгергісі келеді. Алайда, қаржы басқарушылары сіздің соңғы 3 жылдағы барлық келісімшарттарыңызды тексереді. Егер мүлікті қасақана жасырғаныңыз анықталса, ол келісімдер бұзылып, мүлік банк пайдасына кері қайтарылады» — дейді, Ержан Шынәділ
Банкрот болған соң, сізді мынадай 3 шектеу күтеді. Алдағы 7 жыл бойы бұл мүмкіндікті қайта пайдалана алмайсыз, 5 жыл бойы ешқандай банк сізге несие бермейді және келесі 3 жыл бойы барлық кіріс-шығысыңыз мемлекеттің қатаң бақылауында болады.



