Еуропа түркістандық жүгеріні күтуде
Шардарада жүгеріні «алтынға» айналдыратын зауыт ашылмақ

Түркістан облысында ең ірі жүгері зауыты салынуда. Шардарадағы «Казкрахмал» кәсіпорны биыл толық іске қосылмақ. Бұл Қазақстандағы жүгеріні терең өңдейтін ірі жобалардың бірі болғалы тұр.

Бастысы, жұмыстың 80%-ын техниканың өзі істейді. Біз үйренген жүгеріден крахмал, май, сірне, тіпті дәрі-дәрмекке қажетті глюкоза мен малға құнарлы жем шығады. Қысқасы, жүгерінің қабығы да далаға кетпейді. Ең бастысы, ешқандай ГМО жоқ. Таза, табиғи жүгері ғана қолданылады.

Инвесторлар бұл жобаға 35 миллиард теңге құйған. Зауыт толық қуатына мінгенде жылына 150 мың тонна жүгеріні өңдеп тастайды. Дайын өнімдеріміз тек өзімізде ғана емес, Азия мен Еуропа нарығында сатылмақ.

Бұл Түркістанның экономикасын алға сүйрейтін нағыз «драйвер» жоба болғалы тұр. Енді түркістандық жүгері әлемді бағындырады.



