Түркістан жастары қаламмен есірткіге қарсы шықты
Қалам мен сөз – ғасыр дертіне қарсы ең өткір қару. Түркістанда 12 мен 17 жас аралығындағы 34 өрен есірткісіз өмір мен жарқын болашақты жырлап, «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз» атты көркем шығарма байқауында бақ сынады.

Қалалық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында сол жас қаламгерлердің еңбегі еленіп, үздіктері марапат төрінен көрінді. Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен «Заң мен тәртіп», «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламалары аясында қолға алынған бұл жоба жастардың санасын улайтын зиянды әдеттерге тосқауыл қоюды көздейді.
Жасөспірімдердің жүрегінен шыққан шынайы туындыларға «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, ақын Тұрар Тілеулиев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушысы Сәуле Мағжан секілді сөз зергерлері әділ бағасын берді.
Марапаттау рәсімінде сөз алған қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен құқық қорғау органдарының өкілдері есірткі қылмысының алдын алу жайын қозғап, өскелең ұрпақты саналы таңдау жасауға үндеді.
Тартысты бәсекеде суырылып алға шыққан Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Әбдіәлі Нұртілеу Бас жүлдені қанжығасына байлады. Жүлделі бірінші орынды Пермахан Нұрмахан мен Иса Аруна өзара бөліссе, екінші орынға Жарылқасым Талшын мен Саттар Жания лайық деп танылды. Сондай-ақ төрт қатысушы үшінші орыннан көрініп, тағы он екі жас қаламгер арнайы номинациялар бойынша үздік атанды.
Салауатты өмірді серік еткен барлық жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталып, бұл кеш жастардың болашаққа деген нық сенімін одан әрі бекіте түсті.



