Қиын жағдайдағы отбасыға қалай көмектесу керек? Психологтарға арналған арнайы тренинг өтті
Отбасымен жұмыс істеу кезінде жанжалдың себептерін анықтау, психологиялық ахуалды бағалау және дұрыс қолдау көрсету маңызды. Осы бағытта Отбасын қолдау орталықтарының психологтарына арналған арнайы онлайн оқу-тренинг ұйымдастырылды.

16, 19 және 20 қараша күндері өткен оқыту «Отбасылармен психологиялық жұмыс жүргізудің заманауи тәсілдері» тақырыбын қамтыды. Тренингті психолог-психотерапевт Зарина Кенжекар жүргізді.
Үш сабақта мамандар өмірлік қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік осал және бейімделуі қиын отбасылармен жұмыс істеу тәсілдерін талқылады. Атап айтқанда, отбасындағы қайталанатын жанжалдардың себептері, қарым-қатынас ерекшеліктері, тәуелділік мәселелері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және психологиялық кеңес беру әдістері қарастырылды.
Сондай-ақ күрделі отбасылық жағдайларды бағалау, тәуекелдерді анықтау, қауіпсіздік шараларын сақтау, психологтың кәсіби шекарасы мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.
Zoom платформасында өткен оқу-тренингтің жалпы ұзақтығы 4 сағат 30 минутты құрады. Оқыту мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, отбасыларға психологиялық көмек көрсету тәсілдерін жетілдіруге бағытталды.



