Басты жаңалықтар

Қазақстандық балмұздаққа сұраныс артты

Жаз мезгілінде дүкен сөрелеріндегі қазақстандық балмұздақтың көбейгенін байқадыңыз ба?

Мұның себебі тек ыстық ауа райы емес. Биыл елімізде балмұздақ өндірісі де, оған деген сұраныс айтарлықтай артқан.

2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 35,1 мың тонна балмұздақ өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,4 пайызға көп. Мұндай деректі ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жариялады.

Ішкі нарық қарқын алған. Осы кезеңде балмұздақ нарығының көлемі 41,2 пайызға өсіп, 31,9 мың тоннаға жетті. Ал импорт небәрі 7,1 пайызға артып, 5,1 мың тоннаны құрады. Бұл қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесі күшейгенін көрсетеді.

Қазақстандық балмұздақ шетелде сұранысқа ие болып отыр. 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында елден 8343 тонна өнім экспортталып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38,5 пайызға артқан.

Экспорттың негізгі бөлігі Ресейге жөнелтілді. Бұл елге 5748 тонна балмұздақ шығарылып, жалпы экспорттың 69 пайызын құрады. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 39,6 пайызға өсті.

Екінші ірі нарық – Қырғызстан. Көрші елге 2019 тонна өнім экспортталып, өсім 46,7 пайызға жетті. Бұл негізгі экспорттық бағыттар арасындағы ең жоғары көрсеткіш болды.

Сонымен қатар Өзбекстанға – 498 тонна, Тәжікстанға – 53 тонна, Моңғолияға – 17 тонна, Әзербайжанға – 8 тонна балмұздақ экспортталған.

Қазақстандық өндірушілер жаңа нарықтарды игеріп жатыр. Қазір Қытайға экспорт көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button