Сүйек кәдеге жарайды
Ордабасыда сүйектен май мен желатин шығаратын зауыт салынып жатыр

Ордабасы ауданында қызық өндіріс ашылғалы жатыр. Әдетте кәдеге аса бермейтін сүйектен енді май мен желатин өндірілмек. Қазір ауданда «HUATING BIOTECHNOLOGY Co., LTD» компаниясы арнайы зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр.

Жобаның құны — 9 млрд теңге. Зауыт іске қосылса, жылына 5 мың тонна өнім шығарады. Тағы бір жақсысы — жергілікті тұрғындарға 30 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазір құрылыс алаңында инфрақұрылым тарту жұмыстары жүріп жатыр. Газ құбыры, инженерлік желілер қосылуда. Аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы барып, жұмыстардың барысын көріп қайтты.
Мамандардың айтуынша, әзірге орта қысымды газ құбыры тартылып, техникалық құжаттары дайын болған. Ал толық қуатпен жұмыс істеуге қажет жоғары қысымды газ құбырының жобасы сараптамаға жіберілген.

Электр желілеріне қосу жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Жоспар бойынша маусым айында зауытты газ жүйесіне толық қосу кезеңі басталады.
Бір сөзбен айтқанда, бұрын қалдық саналған шикізат енді табыс көзіне айналғалы тұр.



