Басты жаңалықтар

Түркістанда бір күнде 815 тонна қоқыс жиналды

Түркістан облысында Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған өңір бойынша 73 885 адам қатысып, 1 124 гектар аумақ тазартылды.

Сенбілік барысында 815,3 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер, арнайы мекеме өкілдері және тұрғындар атсалысты.


Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.

Жиында елді мекендердегі тазалық пен қоғамдық тәртіп мәселесі де сөз болды. Облыс әкімі аудан және қала әкімдеріне бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Анықталған мәселелер бойынша ескерту тақтайшаларын орнатып, бейнебақылауды күшейту және рейдтерді тұрақты өткізу міндеттелді.

Өңірдің бірқатар аумағында тазалық талаптарының сақталуына бақылау жүргізіліп жатыр. Сауран және Отырар аудандарында, сондай-ақ Кентау қаласында полиция мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлерінен құралған мобильді топтар рейд өткізді. Нәтижесінде тазалық талаптарын бұзудың 60 фактісі анықталды.


Жалпы қоғамдық орындардағы тәртіпке қатысты 434-2-бап бойынша 6 110 хаттама толтырылып, 178 млн теңге айыппұл салынған. Ал 505-бап бойынша 8 528 хаттама рәсімделіп, 49,7 млн теңге айыппұл өндірілген.

Алайда облыстың кейбір аудандарында мәселе әлі де бар. Мәселен, Жетісай ауданындағы мониторинг кезінде 46 кемшілік анықталған. Оның 34-і бей-берекет қоқыс орындарына, алтауы саябақтарға, тағы алтауы көпқабатты үйлердің аулаларына қатысты. Анықталған кемшіліктерді бір апта ішінде жою тапсырылды.

Тұрғындар тазалыққа қатысты мәселелерді «Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы да жолдай алады. Қазірдің өзінде чат-ботқа 2 962 өтініш түскен. Оның 2 791 орындалып, 171 өтініш қаралу үстінде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button