Түркістанда 20 елдің өнерпаздары қазақ әндерін орындайды

Түркістанда әлемнің 20 елінен келген өнерпаздар қазақ әндерін шырқайды.
25–27 қыркүйек күндері қаладағы «Керуен сарай» туристік кешенінде VII халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ОКҚ брифингінде айтты.
Биыл фестивальге Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Марокко, Куба, Гвинея, Қарачай Республикасы, Башқұртстан және Бразилиядан өнерпаздар келеді.
Фестивальдің басты ерекшелігі – шетелдік орындаушылардың қазақ әндерін орындауы. Осылайша қазақ музыкасы халықаралық сахнада шетелдік көрерменге таныстырылады.
Үш күнге созылатын фестивальдің алғашқы күні, 25 қыркүйекте, түркітілдес елдердің танымал өнерпаздары қатысатын «Zhibek zholy әуендері» гала-концерті өтеді.
26 қыркүйекте фестивальдің ресми ашылуы өтіп, «Жұлдызды жұп» бағдарламасы көрерменге ұсынылады. Шетелдік өнерпаздар қазақстандық танымал әншілермен бірге қазақ әндерін және заманауи хиттерді орындайды.
Ал 27 қыркүйекте «Қазақ әні» атты концертте халық әндері мен қазақ композиторларының шығармалары шырқалады.
«Voice of Turan» фестивалі биыл жетінші рет өтеді. Үш күндік музыкалық бағдарлама аясында шетелдік және отандық өнерпаздар қазақ ән өнерін бір сахнада тоғыстырады.



