Басты жаңалықтар

Әсел Қанай Жапониядан жүлдемен оралды

Түркістандық каратэші Әсел Қанай Жапонияның Айчи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі 61 келіге дейінгі салмақтағы кумитэ жарысында финалға дейін жетіп, шешуші бәсекеде Қытай спортшысы Гун Лиге есе жіберді.

Гун Ли – Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Ханчжоудағы Азия ойындарының чемпионы және Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы.

Әсел Қанай финалға дейін қарсыластарынан басым түсті. Ширек финалда Моңғолия өкілі Маралжинго Пуревжавты 9:1 есебімен жеңсе, жартылай финалда Камбоджа спортшысы Чакрия Ваннды 3:0 есебімен ұтты.


Жапониядағы күміс жүлде спортшының Азия ойындарындағы нәтижесін жақсартты. Бұған дейін Ханчжоуда өткен додада Әсел Қанай қола медаль иеленген еді.

Сонымен қатар түркістандық спортшы – Азия чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Бұл Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы каратэден алған кезекті жүлдесі. Бұған дейін Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева алтын медаль жеңіп алған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button