Басты жаңалықтар

Түркістандықтар көшпенділер ойындарында топ жарды: Қазақстан қоржынына 17 медаль салды

Түркістан облысының спортшылары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жоғары нәтижелері үшін марапатталды. Олар Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, ел қоржынына 17 медаль салған. Оның 9-ы — алтын. Бұл — өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров спортшыларды қабылдап, халықаралық додадағы жетістіктерімен «Сіздер елдің сенімін ақтап, көк туымызды көкке көтердіңіздер. 100-ден астам елден келген 3 мыңға жуық спортшы бақ сынаған байрақты бәсекеде өңірімізден 21 спортшы ел намысын қорғап, 17 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 9 алтын медаль бар. Бұл — өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш», — деді Нұралхан Көшеров.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Президенттің, облыс әкімінің алғыс хаттары және ақшалай сертификаттар табысталды. Бірінші орын иегерлеріне — 500 мың, екінші орын алғандарға — 300 мың, үшінші орын иелеріне 200 мың теңгеден берілді.

Жарыста түркістандық спортшылар бірнеше ұлттық спорт түрінен топ жарды. Атап айтқанда, армрестлингтен Нурдаулет Айдархан мен Медет Құттымуратов екі қолмен де жеңіп, екі алтыннан иеленді. Аударыспақтан Дарын Өткелбай, Сырым Избасаров және Сайлау Мұхаммеджан чемпион атанды. Теңге ілуден Қанат Бақтыбай алтын медаль жеңіп алды.

Тоғызқұмалақтан командалық есепте Аружан Салман чемпион атанса, басқа спортшылар көкпар, көк бөрі, алыш, ордо және овари сынды спорт түрлерінен жүлдеге ілікті.

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 74 медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль бар. Қазақстан құрамасының 9 алтыны мен жалпы 17 медалі Түркістан облысының спортшыларының еншісінде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button