Басты жаңалықтар

Түркістанға барғысы келетіндер көбейді

Түркістанға келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді.

Биылғы алғашқы тоқсанның өзінде өңір Қазақстандағы ең көп саяхатшы қабылдаған аймақтардың қатарына енді. Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, мұнда ішкі туризм де, шетелдік қонақтар легі де айтарлықтай көбейген.


Түркістан облысында тарихи, мәдени және табиғи туризмді қатар дамытуға басымдық беріліп отыр. Өңірде 1 792 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі халықаралық маңызы бар нысан саналады. Сондай-ақ 41 республикалық, 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш орналасқан. Туристерге қызмет көрсететін 264 қонақүй мен демалыс орны, 117 шипажай жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ЮНЕСКО тізіміне енген Ақсу-Жабағылы мен Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі және Сырдария–Түркістан өңірлік табиғи паркі экотуризмнің дамуына серпін беріп отыр.


Өткен жылдың қорытындысында облыстағы қонақүйлер мен демалыс орындарында 347 мың 600 турист демалған. Оның 325 мың 73–отандық, 22 мың 563–шетелдік саяхатшы. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға көп. Ал тарихи орындарға келгендердің саны 1 миллион адамға жетіп, 13 пайызға өсті. Табиғи аймақтарға барғандар саны 151 мың 900 адамды құрап, 18,1 пайыздық өсім көрсетті.

Биылғы алғашқы үш айда да өсім тоқтаған жоқ. Қонақүйлер мен орналастыру орындарында 87 мың 100 адам демалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға артты.


Оның 84 мың 931–қазақстандық, 2 мың 148–шетелдік туристер. Туристерге көрсетілген қызмет көлемі 2 миллиард 200 миллион теңгеге жетіп, 46,6 пайызға көбейді.

Алты айдың қорытындысында 575 мың адам тарихи-мәдени орындарды араласа, табиғи аймақтарға 60 мың 100 турист барған. «e-Qonaq» жүйесі арқылы тіркелген шетелдік қонақтар саны 39 мың 879 адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 43,87 пайызға артқан.

Түркістанға ең көп саяхатшы Өзбекстаннан келген. Алғашқы ондыққа Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Германия, Франция, Ұлыбритания және Жапония енді. Бұл өңірдің халықаралық туристік бағыт ретіндегі тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді.


Туристер көбейген сайын жаңа жобалар да қолға алынуда. Биылғы алты айда туризм саласына 65 миллиард 100 миллион теңге инвестиция тартылды. Өткен жылы жалпы құны 17 миллиард теңге болатын 24 туристік жоба іске асырылды.

Қазір Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында құны 1 миллиард теңгелік «Khantau» демалыс аймағының құрылысы аяқталуға жақын. Түркістан қаласында 12 гектар аумаққа орналасатын, құны 10 миллиард теңге болатын ірі аквапарк салынып жатыр. Сонымен бірге Күлтөбе қалашығын абаттандыру, туристік бағыттарды көбейту және «Yassy Hall Apartments» қонақүй кешенінің құрылысы жалғасуда.

Туристік инфрақұрылымды жақсарту үшін биыл туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеуге 5 миллиард 100 миллион теңгеге бес жоба жүзеге асырылады.


Өңірде емдік-сауықтыру туризмі де қарқын алған. Қазір 117 шипажай жұмыс істейді. Былтыр 850 миллион теңгеге үш жаңа сауықтыру нысаны ашылса, биыл жалпы құны 2 миллиард 500 миллион теңге болатын бес жаңа нысан пайдалануға берілді.

Экотуризм де дамып келеді. Табиғи аумақтарда және оған жақын Төлеби мен Түлкібас аудандарында 99 демалыс орны, 62 қонақүй, 12 шипажай, 6 киіз үй және 1 аңшылар үйі туристерге қызмет көрсетуде. Ал «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан қаласындағы Қарашық өзенінің бойынан 50 гектар аумақты алып жатқан «Түркістан» экобағы ашылды.

Түркістан бүгінде тек тарихи шаһар ғана емес, жаңа туристік жобалар, заманауи демалыс орындары мен табиғи бағыттарды қатар дамытып жатқан өңірге айналып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button