Сайлау қарсаңында тараған 7 миф: Жалған ақпаратқа қарсы орталық түсініктеме берді

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық кезеңінде ақпараттық кеңістікке мониторингті жалғастырып жатыр. Мамандар дауыс беру күні жақындаған сайын әлеуметтік желілерде сайлауға қатысты жалған ақпараттардың көбейетінін айтып, ең көп таралған мифтерге жауап берді.
Орталықтың мәліметінше, мұндай жарияланымдардың мақсаты – азаматтарды ақпараттандыру емес, сайлау жүйесіне қатысты теріс пікір қалыптастыру. Осыған байланысты жиі кездесетін жалған мәлімдемелердің шынайы жағдайы түсіндірілді.
Студенттер дауыс бере алмайды деген пікір – жалған
Желіде басқа қалада білім алып жүрген студенттер жазғы демалыс кезінде дауыс бере алмайды деген ақпарат тарауда. Алайда заңнамада уақытша жүрген жері бойынша дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Жоғары оқу орындарымен бірлесіп студенттердің нақты орналасқан жері анықталып, сол мекенжай бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
Вахталық жұмысшылар үшін де жағдай жасалған
Үздіксіз өндіріс орындары қызметкерлері мен вахталық кент тұрғындары дауыс бере алмайды деген пікір де шындыққа жанаспайды. Заңнамаға сәйкес мұндай орындарда арнайы сайлау учаскелері құрылып, шешімді аумақтық сайлау комиссиялары қабылдайды.
Бір куәлікпен бірнеше рет дауыс беру мүмкін емес
Есептен шығару куәлігі арқылы бірнеше рет дауыс беруге болады деген ақпарат та жалған. Әрбір куәліктің бірегей нөмірі болады және ол азаматқа тек бір рет беріледі. Бұл мәлімет сайлаушылар тізімінде тіркеледі, ал куәлікті қайта алу немесе қалпына келтіру заңда қарастырылмаған.
Онлайн сервистер арқылы деректерді өзгертуге жол жоқ
Сайлаушыларды тексеруге арналған онлайн-сервистер арқылы мәліметтерді өзгертуге болады деген мәлімдеме де шындыққа сәйкес емес. Сайлау кезеңінде мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қорғанысы күшейтіліп, сыртқы киберқауіптердің алдын алу шаралары қабылданады.
Бюллетеньдерді қолдан жасау мүмкін емес
Орталық сайлау бюллетеньдерінде арнайы полиграфиялық қорғаныс элементтері болатынын еске салды. Сонымен қатар әрбір бюллетеньге учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері қол қояды. Белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.
Сайлаушылар тізімі тұрақты жаңартылып отырады
Сайлаушылар тізімдері жаңартылмайды деген ақпарат та жалған. Тізімдерді жергілікті атқарушы органдар тұрақты түрде жаңартып отырады. Азаматтар өз деректерін алдын ала электрондық үкімет порталы арқылы немесе өңірлердегі колл-орталықтар арқылы тексере алады.
Халықаралық байқаушылар қатысады
Сайлау халықаралық байқаушыларсыз өтеді деген пікір де шындыққа жанаспайды. Сайлау науқанына шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысады. Оларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы аккредиттейді.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы дауыс беру күні жақындаған сайын осындай мазмұндағы жарияланымдардың көбейуі мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты азаматтарға ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріп, әлеуметтік желідегі анонимді парақшалар мен расталмаған хабарламаларға сүйенбеуге кеңес берді.
Сондай-ақ орталық сайлау науқанына қатысты ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуді жалғастырып, тексерілген мәліметтерді уақтылы жариялап отыратынын мәлімдеді.



