Түркістанда 20 млрд теңгелік зауыттың құрылысы басталды
Түркістан облысында фармацевтика саласындағы ең ірі жобалардың бірі іске қосылды.

Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауыттың құрылысы басталып, уақыт капсуласы салынды. Құны 20,4 млрд теңге болатын жоба толық іске қосылғанда жылына 464 млн дана өнім өндіріліп, 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жаңа өндіріс Сауран ауданындағы «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында салынады. Жобаны «Orzax Central Asia» ЖШС жүзеге асырады. Кәсіпорынның құрылысы 2026–2027 жылдары жүргізіледі.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру және импортты алмастыратын өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында қолға алынғанын айтты.
Өңір басшысының мәліметінше, облыс шикізатқа тәуелді экономикалық үлгіден дайын өнім өндіруге кезең-кезеңімен көшіп келеді. Соның нәтижесінде мақта-тоқыма, ет, жүгері және жиһаз кластерлері дамып, импортты алмастыру бағытында 176 млрд теңгеге 31 жоба іске қосылған. Ал биыл жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Облыста жүргізілген талдау тағы бір маңызды мәселені көрсетті. Түркістандағы фармацевтикалық өнімдер нарығының шамамен 100 млрд теңгесі әлі де импортқа тәуелді. Жаңа зауыт осы тәуелділікті азайтып, халық тұтынатын өнімдерді Қазақстанда өндіруге мүмкіндік береді.
Бұл өндіріс Мемлекет басшысының Түркия Республикасына жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Жоба толық іске қосылған соң зауыт жылына 464 миллион дана биологиялық белсенді қоспа шығарады. Сонымен бірге 500-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдегі фармацевтика өндірісінің дамуына серпін береді.

«Orzax Central Asia» ЖШС-нің құрылтайшысы Алимоглу Селман Қазақстан Үкіметі мен Түркістан облысының басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, құрылыс белгіленген мерзімде аяқталатынын жеткізді. Оның айтуынша, жоба Түркістанның экспорттық әлеуетін де арттырады.
Кәсіпорынға 10 гектар жер телімі бөлінген.
Айта кетейік, «Orzax Central Asia» компаниясының құрылтайшысы – Түркиядағы биологиялық белсенді қоспалар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі Orzaks Pharmaceuticals and Chemical Industry Inc. Корпорация бүгінде әлемнің 50-ден астам еліне 150-ден астам өнім түрін экспорттайды.



