Басты жаңалықтар

Түркістан Қытайдың Ухань қаласымен келісімге келді: енді не өзгереді?

Түркістан мен Қытайдың Ухань қаласы сауда, инвестиция, өнеркәсіп, технология, білім, мәдениет және туризм бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.

Келісім «Әкімдердің дүниежүзілік диалогы – Ухань» және 2026 жылғы бауырлас қалалар ынтымақтастығы жөніндегі халықаралық конференциясы аясында жасалды. Тараптар достық қатынастар орнату және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат бойынша сауда мен инвестицияны дамыту, өнеркәсіптік жобаларды іске асыру, білім және инновация саласында тәжірибе алмасу көзделген. Сонымен қатар заманауи технология, қала құрылысы, мемлекеттік басқару, мәдениет және туризм бағыттары қамтылған.

Меморандумның негізгі мәні — Түркістан мен Ухань арасындағы экономикалық әрі іскерлік қатынастарға жол ашу. Бұл инвестициялық жобаларды тартуға, жаңа технологиялар мен басқару тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, келісім өңірлер арасындағы бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынастың жалғасы. 2025 жылы Түркістан облысы мен Қытайдың Хубэй провинциясы достық қатынастар орнату туралы келісімге келген болатын.

Жиынға бес құрлықтан 22 елдің 24 қаласының әкімдері және 80-нен астам ресми өкіл қатысып жатыр. Қазақстан делегациясының құрамында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бар. Ол халықаралық диалогта қалалардың орнықты дамуы мен халықаралық әріптестік мәселелері жөнінде баяндама жасап, Түркістанның экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырды.

Ендігі кезең — меморандумда белгіленген бағыттарды нақты жобалармен іске асыру.

Басқа жаңалықтар

Back to top button