Басты жаңалықтар

Пластик қоқыс енді табысқа айналады

Түркістан облысында пластик қалдықтарын қайта өңдеп, одан жаңа өнім шығаратын заманауи өндіріс орны салынып жатыр.

Жетісай ауданындағы зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 10 миллион дана пластик өнімөндіріледі. Жоба 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңірдегі қайта өңдеу өндірісіне тың серпін бермек.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жұмыс сапары кезінде өндірістік аймақтағы құрылыс барысын көрді. «KAZ INVA» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны 2 млрд теңгені құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған.


Өндіріс орны пластик қалдықтарын қайта өңдеп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке қажет түрлі пластик бұйымдарын шығарады. Бұл бір жағынан қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтса, екінші жағынан сырттан келетін өнімге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі жаңа өндірістерді көбейту, шикізатты өз өңірінде өңдеу және тұрақты жұмыс орындарын ашу басты міндеттердің бірі екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай кәсіпорындар экономикаға инвестиция тартып қана қоймай, экологиялық мәселелерді шешуге де үлес қосады.


Жетісайдағы
59 гектарлық индустриялық аймақта жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын бес зауыттың құрылысы қолға алынған. Оның екеуі жұмысын бастап кеткен, тағы үшеуі салынып жатыр. Барлық жоба толық іске қосылғанда мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Өндірістік парк аумағында жиһаз, ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектер, құрама жем, металл бұйымдары мен тұрмыстық химия өндіретін тағы бес жоба жүзеге асырылуда. Сонымен бірге 3,5 млрд теңгелік «MIR AGRO KZ» серіктестігінің жылыжай кешені мен қоймасы салынуда.


Қазір Түркістан облысында инвесторларға дайын инженерлік инфрақұрылым ұсынылады. Өңірде
«Turan» арнайы экономикалық аймағы мен 21 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, барлық аудан мен қалада шағын өндірістік парктер салынып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына жағдай жасалуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button