Балық шаруашылығына 60 млрд теңге

Қазақстанда балық шаруашылығы саласын дамыту үшін жалпы құны шамамен 60 млрд теңгені құрайтын 41 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Сонымен қатар Каспий итбалығын қорғау және бекіре тұқымдас балықтардың санын көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, Каспий итбалығын сақтау мақсатында 2024 жылдың қазан айында «Каспий итбалығы» табиғи резерваты құрылған. Қазір резерваттың аумағын кеңейту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Каспийдегі сирек кездесетін бекіре тұқымдас балықтардың қорын толықтыру үшін Атырау бекіре балық өсіру зауытының «Жаңаталап» және «Еркінқала» учаскелері жаңғыртылып жатыр.
2025 жылдың сәуір айының соңында «Жаңаталап» учаскесінде бірінші кезеңнің құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, қараша айында аяқталған. Қазір екінші кезең аяқталуға жақын. Ал «Еркінқала» учаскесін жаңғырту жұмыстары биылғы жылдың төртінші тоқсанында басталады.
Жоба жер қойнауын пайдаланушы NCOC компаниясының өтемақы қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Жаңғырту нәтижесінде Атырау бекіре балық өсіру зауытының өндірістік қуаты артып, жыл сайын өзен-көлдерге жіберілетін бекіре шабақтарының саны 5 миллионнан 7,5 миллион данаға дейін көбейеді.



