
Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында нағыз аңыз адам тұрады. 1926 жылы туған Ахмаджан Анартаев бүгінде бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің мақтанышына айналып отыр. 1944 жылы майданға аттанған бозбала 64-атқыштар полкінің құрамында ең қиын шайқастарды көрді. Польшаны азат ету жолындағы сұрапыл ұрыстар, Германия аумағындағы жеңіс сағаттары.

Соғыстан кейін 1949 жылы елге оралып, өмірінің соңына дейін адал еңбек етті. Зейнетке шыққанша қарапайым жүргізуші болып, ел игілігіне үлес қосты. Оның омырауындағы ІІ дәрежелі «Отан соғысы»ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медалі — сол бір отты жылдардың куәсі.

Ахмаджан атаның бүгінгі байлығы — оның өсіп-өнген ұрпағы. 4 ұл, 5 қыз, 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек. Бұл нағыз берекелі әулеттің үлгісі.

Мереке қарсаңында ақсақалдың шаңырағына Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев арнайы барып, мемлекеттің құрметін көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты табысталды. Аудандық бюджеттен 5 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.



